Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:34 шамасында болған.
Колумбияда қуатты жер сілкінісі болып, оның магнитудасы 7,4-ке жетті. Жер асты дүмпулері ел астанасы Боготада және көршілес мемлекеттер аумағында да сезілген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:34 шамасында болған. Колумбияның батысындағы Чоко департаментіне қарасты Сан-Хосе-дель-Пальмар муниципалитеті маңында тіркелген дүмпудің ошағы шамамен 96 шақырым тереңдікте орналасқан.
Алғашқы мәліметтерде жер сілкінісінің магнитудасы 6,6–6,7 деп көрсетілген. Кейін Колумбияның Геологиялық қызметі ақпаратты жаңартып, дүмпудің магнитудасы 7,4 болғанын мәлімдеді.
Чоко департаментінің губернаторы Нубия Кордоба Кибдо қаласында зардап шеккендер бар екенін және бірқатар ғимараттың бүлінгенін хабарлады. Қазіргі таңда зардап шеккендердің нақты саны анықталып жатыр.
Жер сілкінісі Колумбияның бірнеше аймағында сезілген. Богота, Медельин, Кали және басқа да қалалардың тұрғындары да жерасты дүмпулерін байқағанын әлеуметтік желілерде жазды.