11.08.2026, 12:20

«Абайды Абай қылған – Құнанбайдың малы»: Қожаназаровтың сөзі желіде дау тудырды (ВИДЕО)

коллаж: Sn.kz

Пікірсайыс барысында кәсіпкерлік, несие саясаты және отандық өндірісті дамыту мәселелері талқыланды.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың Абай Құнанбайұлы туралы айтқан пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

YouTube платформасында танымал тележүргізуші Динара Сәтжанның арнасында «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров пен «Ақ жол» партиясының өкілі Дания Еспаева арасында пікірсайыс өтті.

Пікірсайыс барысында кәсіпкерлік, несие саясаты және отандық өндірісті дамыту мәселелері талқыланды. Осы тұста Айдарбек Қожаназаров ел экономикасын дамытуға қатысты өз көзқарасын білдіріп, Абай Құнанбайұлының өмірін мысал ретінде келтірді.

«Абайды Абай еткен не екенін білесіздер ме? Ол Құнанбайдың байлығы. Егер Құнанбай бай болмаса, Абай Абай болмас еді. Өйткені оның ізденуге, білім алуға уақыты болмас еді», – деді ол.

Саясаткердің пікірінше, бұл мысалды қазіргі қоғаммен байланыстыруға болады. Оның айтуынша, елде ауқатты азаматтар саны артқан сайын, білім мен ғылымға, интеллектуалдық және рухани дамуға мүмкіндік те көбейеді.

Қожаназаров экономикалық дамуды тек өндіріс көлемі мен жұмыс орындарының санымен өлшеу жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, негізгі міндеттердің бірі – азаматтардың қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болуына жағдай жасау.