11.08.2026, 15:40

«Өз әрекетін түсініп, басқара алған»: Нұрай ісінде айыпталушының аффект жағдайында болмағаны анықталды

Фото: видеодан скрин

Сотта қорғаушы тарап сараптама жүргізу кезінде мамандарға қандай материалдар ұсынылғанын сұрады.

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сотта айыпталушы Шерхан Аймаханға жүргізілген кешенді психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы талқыланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Сарапшының айтуынша, Аймахан психикалық жағдайына байланысты қоғамға қауіп төндірмейді және сот процесіне қатысуға қабілетті. 

Сот отырысында қорғаушы тарап психиатр-сарапшыға айыпталушының қазіргі психикалық жағдайы мен сараптама нәтижесіне қатысты сұрақтар қойды.

Адвокат Аянхан Омаров алдымен сотталушының қазіргі уақытта қоғамға қауіп төндіру дәрежесіне қатысты сұрақ қойды.

Сарапшының айтуынша, зерттеу кезінде Шерхан Аймаханның психикалық жағдайы қоғамға қауіп төндіретіндей деңгейде болмаған.

“Психикалық жағдайы бойынша күдікті сараптамадан өту барысында қоғамға қауіп тудырмады. Демек, ол сот тергеу амалдарына қатыса алады және өзінің күйін қорғай алады”, – деді маман.

Сондай-ақ сарапшы қазіргі уақытта Аймаханға қосымша психиатриялық ем қажет емес екенін айтты.

Адвокат бұған дейін сотталушы қылмыс жасалған кезде аффект жағдайында болғанын бірнеше рет айтқанын еске салып, осыған қатысты түсініктеме сұрады. Алайда сарапшы аффект жағдайын психолог анықтайтынын түсіндірді.

Сотта қорғаушы тарап сараптама жүргізу кезінде мамандарға қандай материалдар ұсынылғанын сұрады.

Сарапшы сараптама қорытындысын жасау барысында қылмыстық іс материалдары, мамандардың тиісті әдістемелері мен ғылыми әдебиеттер пайдаланылғанын айтты.

Сот отырысында сарапшыларға қылмыстық іс бойынша екі бума материал және бір бейнежазба берілгені белгілі болды. Қорғаушы барлық қажетті материал толық ұсынылғанына күмән келтіріп, осы мәселені нақтылады.

Сарапшы сараптама қорытындысын жасауға ұсынылған материалдар жеткілікті болғанын мәлімдеді. Егер қажетті құжаттар жетіспеген жағдайда, мамандар тергеу органынан қосымша материалдар сұрататынын айтты.

Адвокат сараптама қорытындысында Шерхан Аймаханның созылмалы психикалық бұзылыстан зардап шекпейтіні көрсетілгенімен, психикалық бұзылыс белгілері байқалғаны жазылғанына назар аударды. Қорғаушы осы тұжырымдардың арасында қайшылық бар-жоғын сұрады.

Сарапшы созылмалы психикалық бұзылыстарға шизофрения, шизотипиялық және органикалық бұзылыстар жататынын түсіндірді. Мұндай жағдайлар адамның өз әрекетінің мәнін түсінуіне және оны басқаруына әсер етуі мүмкін.

Ал Аймаханның медициналық құжаттарында көрсетілген F42.2 коды басқа жағдайды білдіреді. Сарапшы бұл мәлімет медициналық құжаттарда және қылмыстық іс материалдарында болғандықтан, зерттеу барысында ескерілгенін айтты.

“Бірақ бұл өзінің іс-әрекетіне толыққанды есеп беруден айырмайды. Демек, ол өзінің іс-әрекеттерін басқаруға, бағамдауға қабілетті болған”, – деді сарапшы.

Адвокат осы қорытындыны комиссия мүшесі ретінде растайсыз ба деп сұрағанда, сарапшы оң жауап берді.

Судья Самиддин Темірәлиев сарапшыдан Шерхан Аймаханның сараптама кезіндегі мінез-құлқы туралы да сұрады.

Маманның айтуынша, сараптама кезінде оның санасы анық болған. Ол қойылған сұрақтарға толық жауап берген және зерттеуден өтуге кедергі келтіретін қандай да бір жағдай байқалмаған.

“Сараптама барысында санасы анық болды. Берілген сұрақтарға толыққанды жауап берді. Сараптама жеңіл болды. Ешқандай сандырақ, жаман ойлар, өз-өзіне қол салу туралы ойлар, психикалық бұзылыстар байқалмады”, – деді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшылар сотталушыға қатысты бейнебақылау жазбаларын да зерттеген. Маманның айтуынша, бейнематериал кейіннен сараптамаға ұсынылған.

Сотта Шерхан Аймаханның қылмыс кезінде аффект жағдайында болған-болмағаны да талқыланды.

Бұл сұраққа сарапшы-психолог Күләш Қожамжарова жауап берді. Оның айтуынша, жүргізілген зерттеу нәтижесінде сотталушы адам өлтірген сәтте аффект жағдайында болмаған деген қорытынды жасалған.

“Аффект жағдайын анықтау кезінде біз оның үш фазасын қарастырамыз. Олардың әрқайсысының өз критерийлері бар. Қажет белгілер толық көлемде болмағандықтан, ол аффект жағдайында болмады деген қорытындыға келдік”, – деді психолог.

Маман сондай-ақ Аймаханның қылмыс жасаған сәтті есіне түсіре алмайтыны туралы сөзіне түсініктеме берді. Оның айтуынша, аффект жағдайында адам оқиғаға қатысты толық амнезияға ұшырамайды. Әдетте болған жағдайдың жекелеген эпизодтары үзінді түрінде болса да есте сақталады.

“Оның қылмыс жасаған сәтті есіне түсіре алмайтыны туралы мәлімдемесі өздігінен аффект жағдайында болғанын дәлелдемейді. Аффект кезінде жасалған әрекеттер туралы естелік әдетте ішінара, үзінді түрінде сақталады. Адам жекелеген эпизодтарды есіне түсіріп, олар туралы айтып бере алады. Біздің жағдайда мұндай белгілер анықталған жоқ”, – деді Қожамжарова.

Осылайша, сотта жарияланған психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Шерхан Аймахан қылмыс жасалған кезде есі дұрыс күйде болған. Сарапшылар оның өз әрекетінің мәнін түсініп, оны басқара алған деген қорытындыға келген.