Алматыда 50 шақты тұрғын тілсіз жаудың кесірінен баспанасыз қалды, деп хабарлайды 31 арна.
Екі қабатты үйдің тұрғындары шырт ұйқыда жатқанда тұтанған өрт әп-сәтте ғимаратты күлге айналдырған. Құтқару қызметкерлері жеткенше жақын маңдағы адамдар көмекке ұмтылыпты. Бүгінде зардап шеккендердің біразы ауруханада, аман қалғандары аспан астында күнелтіп жатыр. Алайда, Алматының Түрксіб ауданындағы әкім-қаралар баспанасыз қалғандарға көмектесуге асықпайды.
Түнгі сағат үште мына қос қабатты үйдің тұрғындары жан ұшыра далаға ұмтылды. Көпшілігі ұйқылы-ояу. Тәтті ұйқыда жатқан 50 шақты адамның жартысы жас балалар мен зейнеткерлер. Қызыл жалыннан тұрғындарды құтқаруға алғаш болып Ардақ Жайлаубекұлы жүгіріпті.
Бірінші қабатта тұрамыз. Ұйқыдан әйелім оятты. Мән-жайды білмекке сыртқа шықсам, үйіміз өртеніп жатыр. Бірден үйге кіріп, бала-шағамды алып шықтым. Артынша қарттар мен балаларды құтқаруға кірістім. Сәбилерді екінші қабаттан лақтырып тұрды, біз терезе алдынан көрпемен тосып алдық, – дейді тұрғын Ардақ Есенов.
Көршілерін құтқарамын деп денесінің 30 пайызын күйік шалған Ардақ қазір ауруханада жатыр. Ал шұғыл әрекеттің арқасында аман қалған тұрғындар ауладағы мына шатырды паналауда. Киер киім, ішір асқа зәру баспанасыз қалғандардың айтуынша, жергілікті билік жылы сөз бен бос уәделерін үйіп-төгіп жатыр екен. Бірақ нақты әрекет жоқ.
Әкімдіктегілер келіп морально көмектесіп жатыр. Далада қалдырмаймыз, бар мүмкіндікті жасаймыз деп жатыр.
20 отбасының далада қалғанын естіген қайырымды жандар қолдан келер көмектерін аямауда. Алайда баспаналары көз алдарында күлге айналғандар үшін киім-кешек пен азық-түлік жанға медеу болмай тұр. Өздері аман қалғанымен жеке бастарын куәландыратын құжаттар тұтас жанып кетіпті.
Жылай-жылай үйсіз қалғандардың көз жасы да құрғапты. Ал жылы сөзбен қолдап жатқан әкімдік қызметкерлері зардап шеккендерге көмек беруден қашпаймыз дейді. Алайда билік беретін жәрдем өртенген құжаттарға байланып тұр екен.
– Алматы қаласы мәслихатының шешімі бойынша өрттен зардап шеккендерге 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көмек көрсетіледі. Ол үшін ол кісілердің толық құжаттары дайын болу керек, – Алматы қаласы Түрксіб аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Мария Амандаева.
Демек, тілсіз жаудан жапа шеккендер құжаттар реттелсе ғана 180 мың теңгеге қол жеткізеді. Ал үйсіз қалған 50 шақты тұрғын әзірге тек қайырымды жандардың көмегін қанағат тұтуларына тура келеді.