Үкімет жер сілкінісінен қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккен отбасыларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Колумбияда 10 тамызда болған магнитудасы 7,4 жер сілкінісінен қаза тапқандарды еске алу үшін елде үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Колумбия үкіметінің мәліметінше, президент Абелардо де ла Эсприелья тиісті жарлыққа қол қойған. Құжатқа сәйкес, аза тұту күндері елдегі барлық мемлекеттік мекемелерде және шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде мемлекеттік ту төмен түсіріледі.
Үкімет жер сілкінісінен қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккен отбасыларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Президент де ла Эсприелья әлеуметтік желідегі парақшасында іздестіру-құтқару жұмыстарының тәулік бойы жалғасып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, құтқарушылар мен арнайы үйретілген иттер жоғалған адамдарды іздеуді тоқтатпаған.
Мемлекет басшысы Перейра қаласында 30 жастағы Даниэла Андреа Ларго Санчестің жеті сағатқа созылған іздеу жұмыстарынан кейін тірі табылғанын атап өтті. Президент бұл жағдай құтқару жұмыстарына үміт бергенін айтып, басқа да жоғалған азаматтардың аман-есен табылуына сенім білдірді.
Бұған дейін Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 250 адамнан асқаны хабарланған болатын.