Қазіргі таңда спортшылар оқу-жаттығу жұмыстарының соңғы кезеңінен өтіп жатыр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы толық жасақталды. Құрамаға 155 спортшы, 49 жаттықтырушы жəне өзге де мамандар енді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің мәліметінше, делегацияның барлық мүшесі бірыңғай спорттық киіммен қамтамасыз етілді. Команданы даярлау жұмыстары Ұлттық жəне ат спорты түрлері орталығының үйлестіруімен өңірлік спорт басқармалары жəне ұлттық спорт федерацияларымен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
Қазіргі таңда спортшылар оқу-жаттығу жұмыстарының соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Көкпар жарыстарын өткізуге қатысты дайындыққа да ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, аттарды тасымалдау, орналастыру, күтіп-бағу жəне ветеринариялық сүйемелдеу мəселелері пысықталды, — делінген хабарламада. Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2026 жылғы 29 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтеді. Жарыс бағдарламасына спорттың 43 түрі енгізіліп, 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады.