13.08.2026, 18:00

«Қажылыққа апарамын»: Астанада алаяқтар жұртты 60 млн теңгеге алдап кеткен

Фото: Pixabay

Үкім заңды күшіне енген жоқ.  

Астанада жалған қажылықты ұйымдастырғандар сотталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Қаланың екі тұрғыны алдын ала сөз байласу арқылы «Instagram» әлеуметтік желісіне Сауд Арабиясының Мекке және Мәдина қалаларына қажылық сапарын ұйымдастыру жөнінде жарнама жариялаған.

Қаскөйлердің уәдесіне сенген қажылыққа барушы 37 азамат оларға жалпы көлемде 60 млн теңге ақша қаражатын тапсырған. Алған міндеттемелерін орындамай, жәбірленушілерден алынған ақша қаражаттарын өз қалауынша жұмсаған.

Сот үкімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің келтірілген материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап арыздары толық қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Прокуратура азаматтарды сақ болуға және күмәнді тұлғаларға ақша қаражатын бермеуге шақырады.

Тегтер: Мекке Қажылық