$ 465.08  536.52  5.56

Екібастұзда полиция бөліміне жеткізілген 37 жастағы ер адам қайтыс болды

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізген.

Фото: polisia.kz
Фото: polisia.kz

Павлодар облысының Солнечный кентінің 37 жастағы тұрғыны қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, бейнебақылау камераларындағы жазбалар тәркіленді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 11 тамызда Екібастұз қаласында болған. Полицияға аулада мас күйдегі ер адамның қоғамдық тәртіпті бұзып, алдын ала мәлімет бойынша, әйелге күш қолданатынын айтып қорқытқаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Павлодар облысының полиция департаментінің мәліметінше, ол бұған дейін сотталған және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Құқық бұзушы арнайы бөлмеге орналастырылған. Біраз уақыттан кейін оны сол жерден ес-түссіз күйде тапқан. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ер адам қайтыс болған.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, ер адам полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін шамамен жарты сағат өткен соң кезекші оның анасына қоңырау шалып, бөлімге келуін сұраған. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ес-түссіз жатқан ер адам бейнеленген видео тараған.

Полиция оқиғаға қатысты бейнежазбалардың тәркіленгенін хабарлады.

«Полиция қызметкерлері оқиға орнына келіп, бұзақылық жасаған ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, ер адам бұған дейін сотталған және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Құқық бұзушы арнайы бөлмеге орналастырылды. Біраз уақыттан кейін ол сол жерден ес-түссіз күйде табылды. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ер адам қайтыс болды. Бейнежазбалар тәркіленді», – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0