Оның сөзінше, сол түні ұйықтай алмай, қатты күйзеліске түскен.
Қызметтік міндетін атқару кезінде 23 жасында қайғылы қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, қызының өлімінен кейін туындаған мүлік мәселесі, 20 миллион теңгеге жуық зейнетақы жинағы және күйеу баласының қайта отбасын құруы жайлы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сәлима сұхбат барысында қызының күйеуі Әділеттің марқұм Ұлданадан айырылғаннан кейін сегіз ай өтпей жатып қайта үйленгенін әлеуметтік желіден білгенін айтты. Бұл жаңалықты күтпеген жерден естіген ана үшін ауыр тиген. Оның сөзінше, сол түні ұйықтай алмай, қатты күйзеліске түскен.
Алайда ол күйеу баласының қайта шаңырақ көтеруіне қарсы емес екенін атап өтті. Анасының көңіліне тигені — Әділеттің қысқа уақыт ішінде қызын ұмытып кеткендей әсер қалдыруы және маңызды жаңалықты өзіне айтпауы.
«Мен оның үйленгеніне қарсымын деп отырған жоқпын. Маған ауыр тигені — қызымды аз уақыттың ішінде ұмытып кеткендей болғаны және маған бір ауыз сөз айтпағаны. Адамгершілік тұрғысынан бұл жағдайды түсіну қиын», — деді Сәлима.
Марқұмның анасы сондай-ақ Ұлдананың артында қалған шамамен 20 миллион теңге көлеміндегі зейнетақы жинағы мен дүние-мүлкіне қатысты мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, күйеу баласы нотариус арқылы қажетті құжаттарды рәсімдеп, зейнетақы жинағын алуға асыққан.
Сәлима күйеу баласынан келген соңғы хабарламалардың бірін де еске алды.
Онда Әділет: «Мама, бүгін тіліктің бәрін бітірейік, ертерек бітірейік» деп жазған.
Марқұмның анасы бұл әрекеттің себебін түсіне алмағанын айтып, зейнетақы жнаиғын тез арада рәсімдеуге не себеп болғанына қатысты күмәні барын жеткізді. Ол тіпті аталған қаражаттың жаңа отбасының тойына жұмсалуы мүмкін деген ойдың да мазалайтынын айтты.