Травматолог-ортопед Мирас Елжасовтың айтуынша, жасөспірім бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, онда шамамен бір жарым ай жатқан.
Жасөспірім сол күні достарымен серуендеп жүргенін айтты. Олар үйге баратын жолды қысқарту үшін теміржол бойымен жүрген. Пойызды көрген балалар суретке түспек болған, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы "Наш Костанай" порталына сілтеме жасап.
"Вагонның төбесіне отырдым, досым мені суретке түсірді. Кейін орнымнан тұрған кезде электр доғасы соқты. Соққыдан шамамен екі метр жерге ұшып түстім", – деді жасөспірім.
Тоқ соққаннан кейін бала есінен танған. Есін жиған кезде үйіне өзі бармақ болғанымен, оқиға орнына келген медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсеткен. Осыдан кейін жасөспірім облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне денесінің 60 пайыздан астамын күйік шалған күйде ауыр жағдайда жеткізілген.
Травматолог-ортопед Мирас Елжасовтың айтуынша, жасөспірім бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, онда шамамен бір жарым ай жатқан.
"Бақытымызға орай, оның қолы мен аяғын сақтап қала алдық", – деп мәлімдеді дәрігер.
Мирас Елжасов мұндай жарақат кезінде аман қалу мүмкіндігі өте төмен екендігін айтады. Оның сөзінше, әлемдік және республикалық статистика бойынша осындай жарақат алған балалардың шамамен 90 пайызы алғашқы аптада көз жұмады.
Қазір зардап шеккен жасөспірім жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Оны ауруханадан шығаруға әлі ерте, ем тағы 2-3 аптаға созылуы мүмкін.