Сегізінші турға дейін Асаубаева қытайлық шахматшыдан небәрі бір ұпай қалып, чемпиондыққа таласу мүмкіндігін сақтап тұрған.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 халықаралық супертурнирінің сегізінші турында жеңіліс тапты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Отандасымыз қара тастармен Қытай өкілі, турнир көшбасшысы Тань Чжунъиге қарсы ойнап, 0:1 есебімен есе жіберді.
Бұл кездесу турнирдегі орындар үшін тартыс тұрғысынан аса маңызды еді. Сегізінші турға дейін Асаубаева қытайлық шахматшыдан небәрі бір ұпай қалып, чемпиондыққа таласу мүмкіндігін сақтап тұрған.
Алайда жеңілістен кейін екі шахматшы арасындағы айырма ұлғайды. Қазір Тань Чжунъи 6,5 ұпаймен жеке-дара көш бастап тұр. 5,5 ұпай жинаған америкалық Элис Ли екінші орында. Ал Бибісара Асаубаева 4,5 ұпаймен үшінші сатыға жайғасты.
Соңғы, тоғызыншы турда қазақстандық шахматшы ақ тастармен Үндістан өкілі Конеру Хампиге қарсы ойнайды. Қазіргі уақытта Хампи үш ұпаймен сегізінші орында келеді.
Ал турнир көшбасшысы Тань Чжунъи соңғы партиясын қара тастармен грек шахматшысы Ставрула Цолакидуға қарсы өткізеді.
Cairns Cup 2026 турнирі 19 тамызда аяқталады. Жарыстың жалпы жүлде қоры — 250 мың доллар, шамамен 115 миллион теңге.