Мұның бір себебі – Ұлттық банктің инвестициялау кезінде консервативті стратегия ұстануы.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері 63,9 млрд долларды құрады. Ал бір жылдағы инвестициялық кіріс 8,7 млрд долларға немесе 15,1%-ға жетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл – алдыңғы жылдармен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш. 2007–2024 жылдар аралығында Ұлттық қор активтерінің орташа жылдық кірістілігі небәрі 3% болған.
Мұның бір себебі – Ұлттық банктің инвестициялау кезінде консервативті стратегия ұстануы. Қаражаттың басым бөлігі тәуекелі төмен, алайда кірістілігі де аз бағалы қағаздарға салынады. Соның салдарынан трансферттерді есептемегенде, қордағы қаражаттың едәуір бөлігі экономикаға тікелей жұмыс істемейді. Ал қысқа мерзімдегі инвестициялық кірістің өсімі кейде елдегі инфляция деңгейіне әрең ілеседі.
Президент Ұлттық қор қаражатын басқару тәсілдерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Қаражат халықтың игілігіне қызмет етуі керек. Сондықтан «қандай жағдай болса да жинақтау» қағидатынан біртіндеп бас тартып, қор активтерінің бір бөлігін сақтай отырып, екінші бөлігін ел экономикасын дамытуға бағыттау ұсынылады.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл жаңа әлеуметтік инфрақұрылым салуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және экономикалық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Яғни Ұлттық қордан жұмсалған әр теңге қосымша экономикалық құн қалыптастыруы тиіс.
Қазақстанның энергетикалық жөндеу, жобалау, инжинирингтік компаниялары және энергетикалық жабдық өндірушілері қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов та Ұлттық қор қаражатын ел экономикасын жаңғыртуға бағыттау бастамасын қолдайды.
«Президенттің Ұлттық қор қаражатын Қазақстанды «үлкен құрылыс алаңына» айналдыруға бағыттау қажеттігі туралы пікірін толық қолдаймын. Егер тек бюджет қаражатына сүйенетін болсақ, мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды салуға ондаған жыл кетуі мүмкін. Бұл энергетика саласына да қатысты. Мәселен, жаңартылатын энергия көздеріне негізделген шағын генерацияны дамыту қолжетімді отандық қаржы құралдарынсыз мүмкін емес. Оған «Өрлеу – лизинг» бағдарламасын мысал ретінде келтіруге болады.
Экономиканы тиімді жаңғырту үшін Үкіметке ресурстар қажет. Ұлттық қор қаражаты – осындай көздердің бірі. Бұл ретте қазақстандық тауар өндірушілерге басымдық беріліп, қаражаттың игерілуіне цифрлық бақылау орнатылуы маңызды. Кем дегенде отын-энергетика кешені мен құрылыс саласында 2029 жылға қарай барлық нысанның 70%-дан 100%-ға дейінгі бөлігін цифрлық мониторингке қосу жоспарланып отыр», – деді Сергей Агафонов.