Үкімет Ұлттық қордан келер үш жылда 5 трлн теңге нысаналы трансферт алынатынын айтты. Бірден «тағы да Ұлттық қорды жеп жатыр» деген пікірлер көбейді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Дұрыс-ақ, жұрттың сұрауға қақы бар. Дегенмен, менің қояр сұрағым басқа. Айталық, ақшаны шетелдік қаржы активтерінде сақтаған дұрыс па? Бәлкім, оның бір бөлігін елдің дамуына, яғни әлі де жетпей жатқан мектеп, аурухана, ауыз су, жылу, жарық, тақтайдай тегіс жолдар салуға жұмсаған тиімді ме?
«Ұлттық қор «қиын-қыстау күнге» керек қаражат» деп ұғамыз. Алайда, «ақша сақтайтын сейф» болғанымен, қордың жинақтау әрі тұрақтандыру функциясы барын экономистер айтып отыр. Сондықтан, нысаналы трансферттер ұлттық маңызы бар әлеуметтік және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуы мүмкін. Қазір жоспарланған 5 трлн теңге де энергетика, көлік, коммуналдық һәм әлеуметтік инфрақұрылымға бағытталмақшы. Бұған дейінгі трансферттер есебінен «Жайлы мектеп», инженерлік желілер, ауызсу, кәріз, жылу, көлік инфрақұрылымы сияқты жобалар қаржыландырылды. Яки, қыруар қаржы ғимарат, жол, құбыр, электр желісіне айналады.
Ақша да уақыт өте құнсызданады. Айтпаса да, түсінікті. Бірақ, шартты түрде айтсақ, он жыл бұрын 10 млн долларға тұрғызатын нысанды қазір дәл сондай ақшаға сала алмайсың. Құрылыс материалдары, техника, еңбек құны сәт сайын өсіп, еселеніп келеді. Сол себепті, қаражатты сақтай бергенше, қажетін бүгін халықтың игілігіне жұмсап, әрі пәленбай жыл қызмет ететін актив қылғанда тұрған дәнеңе жоқ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш күн бұрын осыны айтты: «Ақшаны халықтың игілігіне жұмсауға болатын кезде, оны шетелдегі бағалы қағаздарда не үшін ұстап отырмыз? Мен бұл ақшаның үстінде шөп қорыған ит сияқты отыруға қарсымын», — деді. Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстанды ең әуелі әлеуметтік нысандардың «үлкен құрылыс алаңына» айналдыру керек. Осы мақсатқа Ұлттық қорды пайдалануға әзір.
Әлбетте, «ақшаны қалай болса, солай, оңды-солды жұмсай берейік» деген ой тумайды. Әр теңгенің қайда кеткені ашық болуы қажет. Мұны Президент әрқашан айтады. Мектеп қаншаға салынды? Аурухана қанша тұрды? Мердігер кім? Нысан қашан бітеді? Халыққа қандай пайда береді? Міне, осының бәрі қоғамға көрсетілуге тиіс. Сонда Ұлттық қордан ақша алса «қорды жеп» қойды демей, қайта ұлттық байлықтың капиталға айналғанын көреміз.
Айтпақшы, Президенттің бастамасымен іске асып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына сай, төрт баламның атына Ұлттық қордан ақша түсіп отыр. Алғашқы жылы әр балаға $100,52 есептелсе, биыл сома $130,71 болды. БЖЗҚ-ның ресми ақпараты, бұл. Оны қосымшаға кіріп, қадағалап та отырмыз. Демек, Ұлттық қордың байлығы ұл-қыздарымызға жетіп жатыр. Ендеше, ұлттық байлықты сақтау мен оны елдің болашағына жұмсалғанын бір-біріне қарсы қоюдың қажеті жоқ. Бастысы, бүгінгі ақшадан ертеңгі ұрпаққа құндылық қалғаны керек.