$ 462.31  536.09  5.34

«Таксист болсам ба деп ойладым»: Дана Нұржігіт депутаттықтан кейінгі кезеңді еске алды

"Оған арланбаймын".

Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Танымал журналист Дана Нұржігіт сталкингтің адам өміріне тигізетін зардабы туралы айтып, өзі бастан өткерген ауыр кезеңді еске алды. Ол «Айтарым бар» подкастына берген сұхбатында қудалаудың психологиялық қысымға айналып, адамның қалыпты өмір сүруіне кедергі келтіретінін айтты,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Журналистің сөзінше, сталкингті кей адамдар махаббат пен қамқорлық деп қабылдауы мүмкін. Алайда оның артында бақылау, қорқыту, бопсалау және қысым көрсету сияқты әрекеттер тұруы ықтимал.

«Сталкинг — қылмыстың басы ғана. Оның ар жағында келесі қылмыстың табиғаты жатады. Адам неге қудалайды? Демек, оның бір себебі бар. Бопсалайды, қорқытады, өмірін бақылауда ұстағысы келеді. Бұл — психологиялық қысым. Сенің бетің көгермейді, басың жарылмайды. Сырт көзге сау адамсың, бірақ ішің түтін», — деді Дана Нұржігіт.

Оның айтуынша, сталкингтің тағы бір қауіпті тұсы — қудалаушының әрекетін дәлелдеу қиын болуы. Мәселен, адамның күн сайын қайта-қайта қоңырау шалуы немесе жәбірленушінің жүрген жерінен табылуы сырттай қарағанда қылмыс ретінде бірден байқала бермейді.

Дана Нұржігіт мұндай қысымның өз денсаулығына да айтарлықтай әсер еткенін айтты. Журналист ұзақ уақыт бойы үреймен өмір сүріп, ұйқысыздық пен депрессияға тап болған.

«Адвокатымнан қоңырау келсе, шошып оянатынмын. Ұйқым қашты. 2,5 жыл бойы ұйықтамау, депрессияға түсу, антидепрессанттарды ішу, аяғында телевизиядан кетіп қалдым. Өйткені жұмыс істей алмай қалдым. Басымда тек үрей болды», — деді ол.

Журналист сол кезеңде эфирге шығуға психологиялық тұрғыдан дайын болмағанын, сондықтан телевизияға қатысы жоқ жұмыстардан табыс табуға мәжбүр болғанын жеткізді.

Дана Нұржігіт депутаттық қызметтен кеткеннен кейін такси жүргізушісі болуды да ойлағанын жасырмады. Оның айтуынша, сол уақытта негізгі мақсаты — қандай да бір жолмен еңбек етіп, баласын қамтамасыз ету болған.

«Депутаттықтан кеткеннен кейін “такси жүргізем бе?” деген де ойым болды. Оған арланбаймын. Көлікті жақсы жүргізе аламын, карта бағытты көрсетеді. “Такси жүргізуші болсам ба екен?” деп ойладым», — деді журналист.

Ол бұл кезеңді өміріндегі ауыр сынақтардың бірі деп атап, қиындықтың адамға өзінің қаншалықты мықты екенін түсінуге мүмкіндік беретінін айтты.

Еске салайық, Дана Нұржігіт бұған дейін экс-күйеуінен сталкингке ұшырағанын мәлімдеген болатын. Журналист сол жағдайдан кейін алты ай бойы депрессияда болып, психотерапевт көмегіне жүгінгенін айтқан.

Ал 2024 жылы оның экс-жұбайы жеке өмірге қол сұқпау тәртібін бұзғаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша үш жылға шартты түрде сотталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0