Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Аубов сотта сарапшының қорытындысын оқып берді.
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы дәлелдемелерді зерттеу кезеңіне жетті. Процесс барысында сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Сотта жарияланған сараптама қорытындысына сәйкес, көпқабатты үйдің қасбетінен кірпіштер мен конструкциялар құлаған кезде Ұлдана Мырзуан басынан ауыр ашық жарақат алған. Оның бас сүйегінің бірнеше бөлігі сынып, ми қабықтарының астына көп мөлшерде қан құйылған.
Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Аубов сотта сарапшының қорытындысын оқып берді. Онда қыздың бас-ми жарақаты ми тінінің соғылуына, ми ісінуіне және ми құрылымдарының ығысуына әкеліп, ақырында ми бағанының қысылуына себеп болғаны айтылған.
Сараптама барысында Ұлдананың көз ұялары мен бет сүйектерінің де сынғаны анықталған. Бас сүйегінің маңдай, төбе және самай бөліктерінде сызықтық сынықтар болған.
Сонымен қатар оның басында көлемі үлкен үш гематома пайда болып, ми тінін қысқан. Осының салдарынан өмірлік маңызды қызметтерді реттейтін ми бағанының құрылымдары шүйде сүйегінің үлкен тесігіне қарай ығысқан.
Сарапшы Ұлдана Мырзуанның алған жарақаттары мен өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар деген қорытынды жасаған.
Оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайындағы көпқабатты үйдің маңында болған. Ғимараттың сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер блогы құлап, салдарынан бес адам зардап шеккен.
Сол жерде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіп жүрген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне тоғызыншы қабаттан кондиционердің сыртқы блогы құлаған.
Қыз ауыр жарақат алып, он күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Алайда 18 қарашада есін жимастан көз жұмды.
Қазіргі уақытта іс бойынша ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол ғимарат қасбетінің жөндеуді қажет ететінін білген, алайда тиісті жұмыстарды ұйымдастырмаған.
Ал сот-құрылыс-техникалық сараптамасының қорытындысы қасбеттің бірден емес, біртіндеп бұзылғанын көрсеткен. Мамандардың мәліметінше, алдымен қаптамада жарықтар мен түрлі зақымдар пайда болған. Кейін ылғалдың әсері мен бірнеше рет қату-еру процесі салдарынан қаптаманың қабырғаға бекіну беріктігі төмендеген.