$ 456.56  530.52  5.28

Бүгін – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

Ол қазақ публицистикасы мен ғылыми тілін жасанды, қасаң сипаттан арылтып, халық тіліне жақындату үшін төл терминологияның негізін қалады.

1872 жылы Торғай уезінің Тосын болысында шаруа отбасында дүниеге келген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Алғашқы білімін туған ауылында алып, кейін Торғай орыс-қазақ училищесінде (1886-1891), Орынбор мұғалімдер семинариясында (1891-1895) оқыған. Ұстаздық жолын 1895 жылы ауыл мектебінде мұғалім болып бастап, кейін болыстық мектепте сабақ берген. 1909 жылы Қарқаралыдағы екі сыныпты орыс-қазақ училищесін басқарып жүрген кезінде сол кездегі қоғамдық құрылысқа қарсы оппозицияға қосылғаны үшін тұтқындалып, Орынборға жер аударылған.

Байтұрсынұлының мерейтойы әулет аясынан аспады

Ахмет Байтұрсынұлы – тұңғыш қазақ әліппесінің авторы. Ғалым жасаған жаңа қазақ әліпбиі кейін оның атымен аталып, өз кезінде түркі тілдес халықтардың жазуын реформалауға үлгі болды. Сондай-ақ ана тілі, қазақ тілі, грамматика мен тіл дамытуға арналған оқу-әдістемелік еңбектер мен түрлі хрестоматиялар жазған. Бұл еңбектер қазақ тіл білімі мен қазақ тілін оқыту әдістемесі саласында әлі күнге дейін жоғары бағаланады.

1913 жылы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ зиялыларының бастамасымен құрылған «Қазақ» газетінің алғашқы редакторы болды. Басылымда қазақ тілін, мәдениетін және мектептегі білім беруді дамыту мәселелеріне баса назар аударылды.

Ахмет Байтұрсынұлы – Тәуелсіздік жыршысы - Қазақ газеті

1917 жылғы революциядан кейін «Алаш» партиясының мүшесі ретінде Қырғыз (Қазақ) өлкесінің Әскери-революциялық комитетіне мүше болып сайланды. 1920-1921 жылдары өлкелік халық ағарту комиссары, 1921-1922 жылдары Академиялық орталықтың төрағасы қызметін атқарды. Халық ағарту комиссариатының ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі болды.

1920 жылы РКП(б) қатарына кірді. 1921-1928 жылдары Қазақ халық ағарту институтында жұмыс істеп, қазақ тілі мен әдебиетінен, тарих пен мәдениеттен дәріс оқыды. 1928-1929 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры болды. Ол жасаған әрі есімімен аталған жазу жүйесі сауатсыздықты жою ісін жеделдетіп, қазақ халқының жазу мәдениетін көтеруге мүмкіндік берді.

Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің соңында тұрған музей-үйінің қазіргі келбеті –  фото - 26.10.2021, Sputnik Қазақстан

1929 жылғы маусымда Қызылордаға шығармашылық сапармен барған кезінде тұтқындалды. Оған 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылар съезінде шетелдік ғалымдармен кездесіп, Мұстафа Шоқаймен байланыс орнатуға әрекеттенді, сол арқылы Қазақстанды Ресейден бөліп әкету жоспарын жүзеге асыру үшін одан көмек алмақ болды деген айып тағылды. 1931 жылы Архангельск облысына жер аударылып, үш жылдан кейін ғана Алматыға оралды. 1937 жылы саяси қуғын-сүргіннің жаңа толқыны басталған кезде қайта тұтқындалды. 1937 жылғы 8 желтоқсанда «халық жауы» деген айыппен атылды. 1988 жылы ақталды.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0