Атырау–Орал тасжолында биыл жөнделген асфальттың қайта жамалып жатқаны түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кадрдан жол үстіндегі жекелеген тұстарға жұмысшылардың қолмен арнайы қоспа жағып жүргенін көруге болады. Видео авторы жаңбырлы күні жасалған жұмыстың сапасына күмән келтіріп, «биыл ғана төселген жол неге қайта жөнделіп жатыр?» деген сауал қойды. Бұл бағытта биыл ауқымды орташа жөндеу жүріп жатыр: Атырау облысындағы 94 шақырым жолды қамтитын жұмыстар республикалық жолдарды жөндеу жобаларының бір бөлігі. Жоба бойынша жолдың ескі қабаты алынып, негізі нығайтылып, үстіне жаңа асфальтбетон төсеу қарастырылған. Енді жаңадан жөнделген жолдың не себепті қайта жамалып жатқаны және мұндай жұмыстың технологиялық талаптарға сәйкестігіне жауапты мекеме түсініктеме беруі тиіс.