Ол бұл кадрды Нұржігіттің жағдайына алаңдап, жаңалық күткен мыңдаған адам асыға күткен сурет деп атады.
Экс-депутат Бақытжан Базарбек Нұржігіт Қошановты емдеп, өмірін сақтап қалған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы дәрігерлерімен бірге түскен суретін жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол бұл кадрды Нұржігіттің жағдайына алаңдап, жаңалық күткен мыңдаған адам асыға күткен сурет деп атады. Базарбектің айтуынша, дәрігерлер кәсіби білімі мен жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігіттің өмірін сақтап, есін жиғызған.
«Шыны керек, Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы реанимация бөлімшесі дәрігерлерінің кәсіби біліктілігі мен деңгейі өте жоғары. Оларды бүкіл Жамбыл облысы медицинасының қаймағы десем, қателеспеспін», – деп жазды ол.
Экс-депутат дәрігерлер Нұржігіт ауруханада жатқан кезеңде өзге де ауыр науқастардың өмірін сақтап қалуға үлес қосқанын атап өтті.
«Бұлар – заманымыздың нағыз қаһармандары», – деп Бақытжан Базарбек медицина мамандарына алғысын білдірді.
Сонымен қатар ол Нұржігіттің аяғы сынғанын айтып, алда ұзақ реабилитация кезеңі күтіп тұрғанын жеткізді.
«Біраз төккен терім ақталды. Өзімнің дұғамды, халықтың дұғасын Алла тағала қабыл алды. Нұржігіттің аяғы сынғандықтан, алдымызда әлі реабилитациясы күтіп тұр. Сол бағытта жұмыс жасайтын боламыз», – деді экс-депутат.