Сот үкімімен Нұрымова қауіпсіздігі орташа мекемеде сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Шу тұрғыны аялдамада танысқан ер адамды өлтіргені үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Әйел сотта марқұмның жыныстық зорлық көрсету әрекетінен қорғанғанын айтқанымен, сот оның уәжін қабылдамай, әрекетін қасақана адам өлтіру деп бағалады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға мамыр айында болған. Анар Нұрымова мен Ернар Бұғаев (есімдері өзгертілген) аялдамада танысып, бірнеше сағаттан кейін Шу ауданындағы Алға ауылындағы жеке үйге барған.
Айыптау нұсқасына сәйкес, ер адам әйелге әдепсіз ұсыныс жасаған. Осыдан кейін Нұрымова ауладан төсемтастың бір бөлігін алып, оның басынан ұрған. Ер адам құлаған соң, әйел тағы екі рет соққы жасаған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Сотта Нұрымова ер адамның жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп, ұрып-соғып, тұншықтырғанын және өлтіремін деп қорқытқанын айтты. Оның сөзінше, кейінгі соққыларды өзін қорғау үшін жасаған.
Алайда сараптама әйелдің денесінен жарақат белгілерін анықтамаған. Бұған дейін марқұмға қатысты болжамды зорлық-зомбылық дерегі бойынша қозғалған іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
Сот алғашқы соққыдан кейін ер адам жерге құлағанына қарамастан, әйелдің тағы екі рет соққы жасағанын ескеріп, оның әрекетін қасақана адам өлтіру деп таныған.
Жаза тағайындау кезінде сотталушының кінәсін мойындауы, өкінуі, полицияға өз еркімен хабарласуы және бес баласының болуы ескерілді. Марқұмның ағасы әйелді кешіріп, өтемақы талап етпеген.
Сот үкімімен Нұрымова қауіпсіздігі орташа мекемеде сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.