$ 447.8  516.76  5.3

Хоккей жаттықтырушысы 14 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінді

Жәбірленушінің айтуынша, сол кезде жаттықтырушысы оған жартылай ішілген шай берген. 

Фото: Астана телеарнасы
Фото: Астана телеарнасы

Қызылорда облысында хоккей жаттықтырушысы кәмелетке толмаған қызды екі жыл бойы зорлады деген күдікке ілінді. Тергеу нұсқасына сәйкес, 38 жастағы ер адам жасөспірімнің сусынына ұйықтататын дәрі қосып, кейін оны қорқытып, басқа ер адамдарға ақшаға берген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 2024 жылы болған. Сол кезде 14 жастағы қыз Талдықорғанда көгалдағы хоккей жарысына барған. Жарыс алдында қасындағы қыздар қаланы аралауға кеткенде, жасөспірім пәтерде жалғыз қалған.

Жәбірленушінің айтуынша, сол кезде жаттықтырушысы оған жартылай ішілген шай берген. Шайды ішкеннен кейін қыз есінен танып қалғанын айтқан.

«Ас үйде телефон қарап отырған кезімде жаттықтырушым маған жартылай ішілген шай әкеліп берді. Ойымда ешқандай арам нәрсе жоқ, сол шайды іштім. Әрі қарай есімді білмеймін. Ұйықтап қалғанымды, қай жерде жатқанымды, еш нәрсені білмеймін. Таңғы сағат 5-6 шамасында оянған кезде төменгі іш киімімнің барлығы қан болып тұрды. Жаттықтырушымның қасымда жатқанын көріп, шошып кеттім», – дейді жәбірленуші.

Қыздың сөзінше, жаттықтырушы оны ұялы телефонға түсіріп алғанын айтып, ешкімге айтпауын талап еткен. Сондай-ақ ата-анасына шағымданса, видеоны көрсетемін деп қорқытқан.

«Сен осы видеоны таратқанымды қаламасаң, менің айтқандарымды істейсің. Үйдегілерге еш нәрсе айтпайсың. Үйдегілерге айтсаң, маған арыз жазылсын, сот болсын, менің төбемде тұрған үлкен ағаларым бар, барлығын шешіп береді», – дейді ол.

Жәбірленушінің айтуынша, зорлық әрекеттері екі жыл бойы жалғасқан. Ол жаттықтырушысының өзін басқа таныстарына да ақшаға бергенін мәлімдеді. Жасөспірім болған жағдайды екі жылдан кейін ғана жақындарына айтқан.

Оқиғадан кейін қыздың туыстары да құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Жәбірленушінің ағасы қамауға алынып, анасына үй қамақ түріндегі бұлтартпас шара қолданылған.

«Анама, ініме іс қозғағанды дұрыс деп санамаймын. Өйткені өз қызының кім тарапынан зорланғанын білген кезде, олай бей-жай қарап тұрады дейсіздер ме? Біздің орнымызда басқа адам болса, оларды тұрған жерінде өлтіріп тастар еді. Ал біз оған мүмкіндік бердік. Бұл қаладан жоқ болып кет деп талап қойдық», – деді жәбірленушінің әпкесі.

Қазір қылмыстық істі облыстық полиция департаменті тергеп жатыр. Зорлыққа қатысы бар деген күдікпен хоккей жаттықтырушысы мен оның танысы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.

«Екі күдікті ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысуда. Істердің тергеу барысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деді Қызылорда облыстық тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Сәулебеков.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0