Өңірлердегі электр желілерінде жоспарланған 17,1 мың шақырым желі бойынша жұмыс аяқталды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды, деп хабарлайды Sn.kzақпарат порталы.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселесіне басымдық берілді.
Энергия көздерінің, жылу желілерінің дайындығы және отынмен қамтамасыз ету туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров баяндады. Ал әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның қысқы маусымға дайындығы жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов есеп берді. Сонымен қатар Абай облысының әкімі Берік Уәли, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және Ұлытау облысының әкімі Есет Байкеннің баяндамалары тыңдалды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, энергия көздері жылу беру маусымын бастауға қажетті құрал-жабдықтармен және нормативтік отын қорымен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта 4 энергоблок, 28 қазандық және 18 турбина жөндеуден өтті. Тағы 3 энергоблокта, 26 қазандықта және 21 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Өңірлердегі электр желілерінде жоспарланған 17,1 мың шақырым желі бойынша жұмыс аяқталды. 444 қосалқы станцияның 426-сы жылу беру маусымына дайындалды.
Жылу желілерін қайта жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған 377 шақырымның 352 шақырымында аяқталды. Бұл – жоспардың 93 пайызы. Осы мақсатқа 196,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде қаражаттың бір бөлігі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бөлінген.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейін 48 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Жылу көздерін, жылу және электр желілерін дайындауға байланысты шұғыл жұмыстарды орындау үшін Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінді.
Биыл электр станцияларын қайта жаңғыртуға 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. 2025 жылы бұл мақсатқа 348 млрд теңге бөлінген еді.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, энергия көздерінің қоймаларында 4,8 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут жинақталған. Сонымен қатар тағы 255 мың тонна «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесі бекітілді.
Халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға көмір жеткізу мәселесін әкімдіктер, көмір өндіруші кәсіпорындар, операторлар және «Қазақстан темір жолы» өкілдері қатысатын республикалық штаб үйлестіріп отыр. Алдағы жылу беру маусымына тұтынушылардың көмірге деген қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды.
Кеңес барысында жоспарға енгізілген барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандарының, қазандықтардың және тұрғын үйлердің жылу маусымына дайындық жұмыстары аяқталғаны айтылды. Атап айтқанда, 10 913 білім беру ұйымы, 5 394 медициналық нысан, 14 939 автономды қазандық және 53 610 тұрғын үй дайындалған.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің мәліметінше, отын қоры да жинақталып жатыр. Көмірдің жоспарланған көлемінің 80 пайызы, мазуттың 88 пайызы және дизель отынының 100 пайызы дайындалған.
Кеңесте өңірлердегі жағдай да талқыланды.
Абай облысында жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 32 жөндеу жобасы жүзеге асырылған. Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15,8 млрд теңгеге 6 жоба іске асырылуда.
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің айтуынша, өңірде 53,7 шақырым жылу желісін ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жылу желілерінің тозу деңгейін 52,3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазандық жабдықтарын жөндеу жұмыстары 95 пайызға орындалған.
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала нысандары мен тұрғын үй қоры жылу маусымына толық дайын. Барлық жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ақмола облысында төрт блокты-модульді қазандықтың құрылысы аяқталуға жақын. 26 қазандықтың 24-і ауыстырылды. Сонымен қатар 37 шақырым жылу желісі жөнделді. Бұл жоспардың 97 пайызына тең.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов Степногорск жылу электр орталығының жабдықтарын жөндеу және қалалық жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта бұл учаскеде 45 маман мен 16 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қоры толық дайындалған.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы №2 жылу электр орталығы жылу маусымын бастауға дайын екенін мәлімдеді. Жұмысқа 8 қазандық агрегаты әзірленген. Жөндеу науқаны аясында 6 қазандық пен 6 турбинадағы жұмыстар аяқталды.
Петропавл қаласындағы жылу магистральдарын дайындау жұмыстарын 20 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Өңірде жылу беру маусымы 28 қыркүйекте басталады.
Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өңірдегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу маусымына толық дайын екенін айтты.
Жезқазған жылу электр орталығында 4 қазандық пен 4 турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, №11 қазандыққа күрделі жөндеу жасалды. Қазіргі уақытта ЖЭО-ның басқа жабдықтары мен Сәтбаев қаласындағы №1 жылу станциясын дайындау жұмыстары жалғасып жатыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, жылуды уақытылы беруді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Энергетика министрлігіне «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірлесіп, энергия нысандары мен халыққа көмір және мазут жеткізу бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
«Азаматтарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасына сәйкес жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылды. Әкімдер барлық нысанның, әсіресе әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымның дайындығын жеке бақылауда ұстауы керек», – деді Олжас Бектенов.