Соның бірі Бөкейхан көшесі, 25Г мекенжайындағы көпқабатты үйге қатысты.
Астанада SAT-NS құрылыс компаниясы салған Apple City тұрғын үй кешенінің сыртқы қасбетінің бір бөлігі құлады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы astana_typical парақшасына сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес, оқиға Apple City тұрғын үй кешенінде болған. Кадрлардан ғимараттың сыртқы қаптамасының бір бөлігі опырылып түскенін көруге болады. Кейін парақшаға қаладағы осыған ұқсас тағы бірнеше жағдай туралы ақпарат түскен.
Соның бірі Бөкейхан көшесі, 25Г мекенжайындағы көпқабатты үйге қатысты. Жарияланған кадрларда сыртқы қаптаманың едәуір бөлігі құлап, ғимарат қабырғасының ашық қалғаны байқалады.
Сондай-ақ парақша авторлары мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің бірінде де осындай жағдай болғанын жазды. Осыған байланысты астаналықтар көпқабатты үйлер қасбеттерінің қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, олардың жағдайын жүйелі түрде тексеру мәселесін көтерді.
«Қасбет биіктен құласа, бұл ғимараттың сыртқы келбетіне қатысты мәселе ғана емес. Бұл адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп», – делінген жазбада.
Тұрғындар жауапты органдардан қасбеттердің бекітілу сапасы мен техникалық жағдайына алдын ала тексеру жүргізуді сұрап отыр. Сондай-ақ олар нысандар пайдалануға берілгеннен кейін олардың қауіпсіздігіне кім жауап беретініне назар аударды.