18.09.2026, 10:40

«Қысымға ұшырады»: Көкшетауда сот әкімшілігінің басшысы қайтыс болды

Фото: Видео скриншот

Қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. 

Ақмола облысында Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің басшысы Аян Дүйсеков қайтыс болды. Оның артында әйелі мен екі кішкентай баласы қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Марқұмның туыстары соңғы айларда оның жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын мәлімдеді.

Жақындарының айтуынша, оған тәртіптік жаза қолданылып, қызметтік пәтерден шығару мәселесі де көтерілген. Отбасы бұл жағдайларға құқықтық баға беріліп, қызметтегі лауазымды тұлғалардың әрекеті жан-жақты тексерілуін сұрап отыр.

Туыстары сондай-ақ жұмыс орнындағы жағдайлардың Аян Дүйсековтің қайтыс болуына әсері болған-болмағанын анықтауды талап етеді.

Ақмола облысының полиция департаменті азаматтың қайтыс болғанын растады. Қазіргі таңда тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Марқұмның өлімінің нақты себебі және туыстары айтқан жұмыс орнындағы қысым туралы мәліметтердің қаншалықты негізді екені тергеу нәтижесінде белгілі болады.