Үштөбе станциясындағы көлік полициясы бөлімінің қызметкерлері баланың ата-анасын жедел анықтап, полицияға жеткізген.
Жетісу облысында теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланың ата-анасы табылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға 20 қыркүйекте Сарыөзек – Үштөбе теміржол учаскесіндегі Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған.
Жүк пойызының машинисі теміржол бойында жалғыз жүрген бүлдіршінді байқап, пойызды тоқтатқан. Ол баланы локомотив кабинасына алып, кейін станция қызметкерлеріне тапсырған. Қызметкерлер баланың ата-анасымен байланысқа шыққан.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Үштөбе станциясындағы көлік полициясы бөлімінің қызметкерлері баланың ата-анасын жедел анықтап, полицияға жеткізген.
«Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін анасына қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды. Бала зардап шеккен жоқ және ата-анасына тапсырылды», – деп хабарлады ведомство.
Көлік полициясы теміржол аумағы қауіптілігі жоғары нысандардың бірі екенін ескертті. Мамандар ата-аналарды балаларын, тіпті қысқа уақытқа да, қараусыз қалдырмауға шақырды.