$ 445.65  508.71  5.3

Президент Қазақстандағы реформалардың нәтижесін атады: 7 жылда ЖІӨ 29 пайызға өскен

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде бір жылдың ішінде ел тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғаларды айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Конституция халқымыздың мәңгілік темірқазығы және Әділетті, Озық, Таза Қазақстанның мызғымас арқауы ретінде елімізді жарқын келешекке апаратыны сөзсіз.

Конституциялық реформа нәтижесінде біз еліміздің заң шығарушы органы – Құрылтайдың алғашқы сайлауын өткіздік.

Шетелдік сарапшылардың пайымдауы бойынша сайлау жоғары деңгейде, мінсіз өтті. Халық қолдаған Құрылтайға бес партия кірді.

28 тамыз күні депутаттар өз жұмысына кірісті. Үкіметтің жаңартылған құрамы жасақталды. Вице-Президент тағайындалды. Жаңа мемлекеттік мекеме – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты құрылды.

Міне, бүгін Қазақстан Халық Кеңесі де өз қызметін бастап отыр. Осы тарихи оқиғаның мән-мағынасын ешқашан жадымыздан шығармайық, құрметті отандастар!

Түптеп келгенде, бір жылдың ішінде ұлт тағдырына тікелей ықпал ететін аса маңызды оқиғалар болды.

Біз аз ғана уақытта тұтас мемлекет пен бүкіл қоғамның сипатын өзгерткен аса ауқымды реформаларды сапалы жүзеге асырдық.

Ал қазіргі таңда бұл – өркениетті, жасампаз және ең бастысы біртұтас ұлттың ғана қолынан келетін іс деп ашық түрде айтуға болады».

Мемлекет басшысы:

«Азаматтарымыз елімізде жүргізілген реформалардың тікелей куәгері болып, сол өзгерістердің нақты нәтижесін көріп отыр.

Соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29 пайызға артып, 306 миллиард долларға жетті.

Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 миллиард доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайыздан асты.

Қазақстанда жыл сайын 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын-үй бой көтереді.

2019 жылдан бастап, 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды.

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті.

Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды.

Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді. Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады.

Белсенді жұмыстың нәтижесінде Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына енді».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0