26.08.2014, 04:05

Ақтауда балконнан лақтырылған теледидар баланың басына түсті

Сурет: progorodsamara.ru

Ақтауда көпқабатты үйдің тұрғыны балконнан далаға лақтырған ескі теледидар төрт жасар баланың басына түскен. Қатты соққыдан бас, ми жарақатын алған бүлдіршін қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

«Ақтаулық дәрігерлер үш күннен бері Исламды құтқарып қалу үшін барын салуда. Ауыр халде жедел жәрдеммен жеткізілген баланың басына ота жасалған. Қазір 4 жастағы Ислам комада жатыр. Әлі есін жиған жоқ. Полицейлер сәбидің өміріне қауіп төндірген адамды іздестіруде. Теледидарды терезеден лақтыра салған ол далаға шығуға ерінсе керек. Ал дәрігерлер Исламның тірі қалуын ғажап құбылыс деп отыр», делінген хабарламада.

— Бала травматикалық шокта болды. Оны бірден жасанды дем беретін аппаратқа салдық. Нейрохирург қарап, операция жасадық. Ота сәтті өтті. Қазір бала әлі де аппаратта жатыр. Болашағы біздіңше жақсы болады деп есептейміз, — деді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының дәрігері Бауыржан Мұсаханов.