Қасым-Жомарт Тоқаев «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» атты қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президент өнеркәсіп саласындағы ықпалдастықты нығайтудың маңызына назар аударды.
Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 бірлескен ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Қытайлық кәсіпорындар Алматыда автокөлік кластерін дамытуға белсенді атсалысып келеді. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қарағанды облысында кремний өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия жинақтау салаларында іргелі бастамалар қолға алынды. Өнімділігі төмен мұнай ұңғымаларын қалпына келтіру бағытында алғашқы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қытайдың Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп, Ақтөбе облысында ерекше индустриялық аймақ құрылуда. Аталған аймақ халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін болады. Агроөнеркәсіп кешенін бірлесіп дамыту жөнінде бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік, нақты бастамаларды жүзеге асырып жатырмыз. Соның ішінде Lihua, Fufeng, Dalian Hesheng Holdings компанияларының мақта-мата кластерін қалыптастыруға және жүгері мен бидайды терең өңдеуге арналған маңызды жобаларын ерекше атап өткім келеді. Мұндай ауқымды жұмыс серіктестігімізді жаңа деңгейге көтеруге ықпал етері сөзсіз. Біз жекелеген инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы толыққанды өндірістік экожүйе қалыптастыруды көздейміз. Бұл қадам Орталық Азия, Еуразиялық экономикалық одақ, Оңтүстік Кавказ және Еуропа елдерінің нарықтарына бірлесіп шығуға мүмкіндік береді. Осы орайда «Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan» деп аталатын қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Үкімет қытайлық серіктестермен бірге келешегі зор жобалардың тізімін әзірлеп, оның бәрін жүзеге асыруға жедел кірісуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы тау-кен металлургиясы кешеніндегі ынтымақтастықты тағы бір басым бағыт ретінде атады. Оның айтуынша, Қазақстанда уран, мыс, алтын, көмір секілді аса маңызды минералдар мен сирек кездесетін металдардың мол қоры бар.
Президент цифрландыру мәселесіне айрықша мән берді. Ол еліміздің әлемдегі барлық жетекші технологиялық орталықтармен тығыз қарым-қатынас орнатуға ашық екенін мәлімдеді.
– Биыл еліміз Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылтайшылары қатарына кірді. Осылайша, Қазақстан технологиялық ықпалдастыққа арналған жаңа халықаралық платформаның қатысушысы болды. Бұл бастаманы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин көтерген болатын. Біз технология трансферіне, бірлескен инженерлік және зерттеу орталықтарын құруға мүдделіміз. Бұл ретте жаңа формация мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлеміз. Елордада тұңғыш қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашуға ниеттіміз. Жемісті технологиялық серіктестігіміздің бір мысалы Alatau City жобасынан айқын көрінеді. Бұл ауқымды бастама Қытай, Орталық Азия және Еуропа кеңістігіндегі белсенді іскерлік қатынастар мүйісіне айналуды көздейді, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы: «Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс»
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды.
Президент форум қатысушыларына бірнеше жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы баяндады.
– АХҚО мен әлемнің жетекші қаржы орталықтарының бірі саналатын Гонконг арасындағы тығыз ықпалдастық мол мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз. Қыркүйек айының басында «Самұрық-Қазына» қоры Орталық Азия және ШЫҰ елдері эмитенттерінің арасында бірінші болып Қытайдың банкаралық нарығына кірді. Жалпы сомасы үш миллиард юаньнан (450 миллион доллар) асатын панда-облигациялар шығарды. Жалпы, Қазақстан инвестициялық кезеңді барынша қысқа, ашық әрі технологиялық тұрғыдан озық етіп ұйымдастыруға ниетті. Kazakh Invest ұлттық компаниясы жанынан қазақ-қытай инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою – осы бағыттағы маңызды қадамның бірі,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс.
– Сондықтан осы форумды «Қазақстан-Қытай» Алматы инвестициялық диалогы деген атаумен жыл сайын қыркүйек айында өткізуді ұсынамын. Жалпы, бүгін бірқатар нақты келісімдерге қол жеткіздік. Бұл келісімдер Қазақстан мен Қытайдың және тұтас Еуразия құрлығының орнықты дамуына тың серпін береді деп сенемін, – деді Президент.