28.06.2026, 16:20

Шымкентте төрт ірі өндіріс іске қосылды: инвестиция көлемі 20 млрд теңгеден асты 2-бөлім

Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкентте индустриялық аймақтарда жаңа өндіріс орындары іске қосылып, қала экономикасына 20 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Оның қатарында аккумуляторларды қайта өңдейтін және алюминий профильдерін өндіретін кәсіпорындар бар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Жұлдыз» индустриялық аймағында аккумуляторларды кәдеге жаратып, қайта өңдеуге арналған жаңа зауыт іске қосылды. «Шымкент аккумуляторларды кәдеге жарату зауыты» ЖШС жүзеге асырған жоба пайдаланылған аккумуляторларды экологиялық қауіпсіз жолмен қайта өңдеп, алынған шикізатты өндірістік айналымға қайта енгізуге бағытталған.

Жобаға 2 млрд теңге инвестиция салынған. Кәсіпорын орналасқан аумақтың көлемі 2 гектардан асады. Зауыт толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін жылына 50 мыңға дейін аккумуляторды қайта өңдей алады. Мұнда 60 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Индустриялық аймақтағы жаңа өндірістердің тағы бірі – алюминий профильдерін шығаратын «Himmel Aluminium» зауыты. Кәсіпорынның ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Зауыт өңдеу өнеркәсібін дамытуға, өндірісті жергіліктендіру деңгейін арттыруға және ішкі нарықты сапалы отандық металл өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.

Кәсіпорын құрылысына 3,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Толық өндірістік қуатына шыққан кезде зауыт жылына шамамен 4 мың тонна алюминий профилін өндіре алады. Мұнда 80 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жалпы, Шымкентте төрт жаңа өндірістік нысан іске қосылып, олардың жобаларына 20 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Жаңа кәсіпорындар қаладағы өнеркәсіптік әлеуетті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.