28.09.2026, 22:30

«Өз киімімді өзіңмен бірге жерлеймін»: Каспийде қаза тапқан сарбаздың сыңары жазба қалдырды

Фото: Инстаграм

Жазбаға желі қолданушылары көңіл айтып, марқұмның туған-туыстарына қолдау білдіріп жатыр. 

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаз Мирас Тұрдыбекұлының сыңары әлеуметтік желідегі парақшасында бауырына арнап жүрек тебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Егізінен айырылған азамат бауырына деген сағынышын өлең жолдарымен жеткізіп, оның орнын ешкім баса алмайтынын жазған.

«Сені Мирас әлі мен егіз деймін,

Келер әлі Мирас деп сені іздеймін…

Күллі жұртқа сені мақтап мен әлі,

Жаман ана тапқан ұл дегізбеймін…

Бауырым, сенің орның бір бөлек еді. Сенің орныңды кім толтырады? Қолдан келер шара бар ма? Тек сені еске алумен өтем. Уайымдама, әкем мен анама өзім бас-көз боламын. Мені сағынсаң, осымен сағынышыңды басарсың деп, ертең өз бір киімімді өзіңмен бірге жерлеймін. Тек осылай бір-біріміздің сағынышымызды басайық, егізім-ау», – деп жазды ол.

Сондай-ақ марқұмның туған күнінде оны құттықтау үшін әскерге арнайы барған сәтін еске алды. Бауыры теңізде жоғалған күндері оны іздеп, жаны жай таппағанын айтып, сол сәттегі жан күйзелісін бөлісті.

«Қолдан келер шара бар ма, бауырым-ау. Менің де қолымнан түк келмеді, іздедім, таба алмадым. «Диас, мен мындамын» деп белгі бердің ғой әр жерден. Егізім-ау, жаның жәннатта болғай», – деп ағынан жарылды марқұмның сыңары.

Жазбаға желі қолданушылары көңіл айтып, марқұмның туған-туыстарына қолдау білдіріп жатыр.

Бұған дейін Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға салдарынан 14 әскери қызметшінің қаза тапқаны ресми түрде хабарланған болатын.