29.09.2026, 11:40

Шымкентте «Дядя Ваня» лақап атымен танымал қылмыскер ұсталды

Фото: видеодан скрин

Жасы 70-ке жуықтаған Иван Герр алғаш рет 1981 жылы сотталған.

Шымкентте қылмыстық ортада «Дядя Ваня» деген лақап атпен танымал Иван Герр ұсталды. Операцияны қалалық прокуратура Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полиция қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, жасы 70-ке жуықтаған Иван Герр алғаш рет 1981 жылы сотталған. Кейін тағы бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Бұл жолы күдіктіге қатысты іс жергілікті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына түскен ақпараттан кейін басталған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Иван Герр өзінен жасы кіші бірнеше азаматпен бірге Шымкент тұрғынынан қарыз өндіруге әрекет жасаған. Олар ер адамды кездесуге шақырып, оған түрлі жолмен қысым көрсеткен.

Нәтижесінде жәбірленушіге 5 миллион теңге қарызы бар екені туралы қолхат жаздырған. Сонымен қатар оның қолындағы ақшаны алып қойған.

Оқиғадан кейін ер адам құқық қорғау органдарына жүгінген. Аталған факті бойынша «Өзінше билік ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бүгін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері ҰҚК департаментінің мамандарымен бірлесіп Иван Геррді және өзге де күдіктілерді ұстады.

Қазір күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр.

Тергеу жалғасуда.