Әлеуметтік желіде тараған видеода ғимарат қабырғасындағы кірпіштердің үгіліп, кей жері мүжіліп жатқаны көрсетілген.
Қостанайдағы Береке шағынауданында орналасқан жаңа №33 мектептің жағдайы тұрғындарды алаңдатып отыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ғимарат қабырғасындағы кірпіштердің үгіліп, кей жері мүжіліп жатқаны көрсетілген. Видео авторы мектептің жақында ғана салынғанын айтып, мұндай ақау балалардың қауіпсіздігіне әсер етпей ме деген мәселе көтерді.
Ол Қостанай қаласы мен облысы әкімдігін, құрылыс басқармасын, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және прокуратураны нысанның жағдайына назар аударуға шақырған. Тұрғынның сөзінше, мектепті пайдалануға беру мерзімі бұған дейін де созылған.
Енді жұрт жаңа ғимараттың құрылыс сапасы тексеріліп, анықталған ақауларға нақты жауап берілгенін күтіп отыр.