Тұрғындардың сөзінше, олар әлі де ескі құдықты пайдаланып отыр, ал биыл тамызда ондағы кран істен шығып, құдыққа су тола бастаған.
Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы Лахно көшесінің тұрғындары төрт үйдің екі жыл бұрын тартылған жаңа ауызсу желісіне әлі қосылмағанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Тұрғындардың сөзінше, олар әлі де ескі құдықты пайдаланып отыр, ал биыл тамызда ондағы кран істен шығып, құдыққа су тола бастаған. Мәселе бойынша «ХромтауТрансЭнерго» ЖШС-не жүгінген тұрғындар өз үйлері жобада қарастырылмағаны туралы жауап алғанын айтады. Енді төрт үйдің иелері жаңа құбырға қосылу үшін мердігерді өз қаражатына жалдауы керек, ал екі үйге құбырды асфальт пен тротуардың астымен шамамен 10 метр жүргізу қажет.
Тұрғындар құдықтағы суды екі күн сайын өз ақшасына сорғызып отырғанын айтып, қыс түскенде құдық қатып, ауызсусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр. Олар жауапты мекемелерден мәселенің неге осы уақытқа дейін шешілмегенін түсіндіріп, нақты шара қабылдауды сұрайды. Видео: @info_khromtau_aqtobe_04