Қазақстан мен ГФР президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Мемлекет басшысы Германияға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтты. Қазақстан Президенті Германия еліміздің Еуропадағы басты стратегиялық серіктесі саналатынына, ал екіжақты ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүддеге негізделгеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салды. Осынау кезеңде екі ел серіктестіктің барлық бағытында елеулі табысқа қол жеткізді. Президент Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана мен Берлин арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.