26.08.2014, 05:05

Конституция күніне орай елордада спорттық шаралар өтеді

Сурет: astana.kz

30 тамызда елімізде Конституция күні аталып өтіледі, бірақ мерекелік шаралар басталып кетті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Қала әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, ертең елордада бірқатар спорттық шаралар өтеді, белсенді жастар Орталық паркте флеш-моб ұйымдастырады. Ал кешке «Алау» мұз сарайында балалар арасында конькимен жүгіруден жарыс болады. 27-29 тамызда «Автомобилист» футбол алаңында 10-11 жастағы ұлдардың командалары өзара шеберлік байқасады. 27-31 тамызда «Дәулет» спорт кешенінде ересектер арасында таэквондодан «Халықаралық Гран-при сериясы» турнирі өтеді. Есіл ауданының тұрғындары 27-29 тамызда күн сайын сағат 17.00 «Көңілді старт» шарасына қатысады.

Конституция күнін мерекелеу аясында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 50-ден астам түрлі шара ұйымдастырылады, соның ішінде, спорттық жарыстар, флеш-мобтар мен акциялар, байқаулар, көрмелер, концерттер және т.б. бар.

Еске салайық, 24 тамызда 2000 астам елордалық қала басшысымен және белгілі қазақстандық спортшылармен бірге мерекелік веложорыққа қатысты.