02.10.2026, 11:20

Түркістан облысында жаңбырдан кейін сел жүріп, бірнеше ауылды су басты (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

Әлеуметтік желілерде табиғи құбылыстан кейінгі жағдай түсірілген видеолар тарады.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Қосағаш ауылында нөсер жаңбырдан кейін көшелерді су басты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Әлеуметтік желілерде табиғи құбылыстан кейінгі жағдай түсірілген видеолар тарады. Кадрлардан ауыл көшелерін су басып, арықтардан су тасығанын көруге болады. Тұрғындар мен арнайы техникалар су ағынының бағытын өзгертуге әрекет жасап жатыр.

Қазығұрт ауданының әкімдігі мәліметінше, 1 қазанда жауған нөсер салдарынан ауданның бірнеше елді мекенінде сел жүрген.

Қазіргі уақытта зардап шеккен аумақтарда жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнына 64 адам мен 9 техника жұмылдырылған.

Әкімдік өкілдері сел салдарынан тұрғын үйлердің ауласын су басқан азаматтарға қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, табиғи апаттан адам қаза болмаған. Сондай-ақ қираған үйлер тіркелген жоқ.