02.10.2026, 21:30

«Өлтіремін деп қорқытты»: Алматыда мас ер адам бойжеткенге шабуыл жасады (ВИДЕО)

Фото: видеодан кадр

Жағдайды құқық қорғау органдары бақылауына алды. 

Алматыда полиция қызметкерлері дүкен маңында бойжеткенге шабуыл жасаған ер адамды іздеп жатыр,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Алматы тұрғыны Әуезов ауданындағы Жетісу-4 шағынауданында өзіне шабуыл жасалғанын әлеуметтік желіде жазып, оны табуға көмектесуді сұраған.

Жәбірленушінің айтуынша, ер адам мас күйде болған. Азық-түлік дүкенінің маңында жанжал туындап, бойжеткенді ұрмақ болған. Артынша қолына тас алып, қыз баланы қуа жөнелген. Түрлі заттар лақтырып, өлтіремін деп қорқытқан.

«Өмірім үшін қатты қорықтым. Бағыма қарай, бір ер адам араласып, құтқарып қалды», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Ол маңайында қаншама адам болғанын, алайда бір ер адамнан басқа ешкім көмектесуге тырыспағанын айтты. Шабуыл жасаған ер адамның түрі сол маңайдағы бейнебақылау камераларына түсіп қалған.

Жағдайды құқық қорғау органдары бақылауына алды:

«Әйелге күш көрсетілген сәт түсірілген бейнежазба бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тергеу жүргізіп жатыр. Әйелдің жеке басы анықталды, қазіргі уақытта ол полицияға түсініктеме берді. Бұған дейін аталған факті бойынша полицияға арызбен жүгінбеген. Қазіргі уақытта бейнежазбада түсірілген ер адамның жүрген жері анықталып жатыр. Оның әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады», – деп хабарлады Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тегтер: Алматы ерадам