04.10.2026, 15:30

«Дұрыс ұйқы бермеді»: Талдықорғанда ер адам баласы жылағаны үшін әйелін аяусыз ұрып-соққан

Фото: видео скриншот

2 қазан күні Талдықорғанда ер адам бір жасар баланың жылағанына ашуланып, өз әйелін ұрып, көршілеріне қоқан-лоқы көрсеткен, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ерлі-зайыпты арасындағы жанжалға бір жасар баласының мазасызданып, жылағаны себеп болған. 

Ер адам әйелін ұрып-соғып, көмекке келген көршілерін суық қарумен қорқытқан және олардың соңынан жүгірген деген болжам бар. 

Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметінше, әйел сол күні полицияға жүгініп, күйеуінің өзіне дене жарақатын салғанын және қорқытқанын айтқан.

“Бұған дейін жәбірленушіден ешқандай шағым түспеген. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді полиция.

Жәбірленуші әйел мен бір жасар бала қажетті көмек пен қолдау алу үшін дағдарыс орталығына орналастырылды.