Ұйымдастырушылар сонымен қатар бөгде адамдардың әрекетіне жауап бере алмайтынын атап өтті.
Астанада жаңа дүкеннің ашылу салтанатында қонақтар арасында фуршет үстелінің маңында әбігер туып, үстелдің бір бөлігі сынып, құлап қалған. Оқиға бейнеленген видео әлеуметтік желіде тараған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Іс-шараны ұйымдастыруға қатысқан компания өкілдерінің айтуынша, фуршетке әртүрлі елдерден шақырылған қонақтар келген. Олар бұл тегін тамақ тарату шарасы болмағанын, ресми ашылудан кейін қонақтарға дегустация ұйымдастырылғанын түсіндірді.
Алайда тағамдар қойылғаннан кейін кейбір қонақтар оларды жаппай ала бастаған. Соның салдарынан үстелдің бір жағы сынып, қиғаштап құлаған.
«Біз мұндай іс-шараларды ашық алаңда бірнеше рет өткіздік. Бірақ фуршет үстелін сындырған жағдай бізде алғаш рет болып отыр. Өзімізге де өте жағымсыз болды», – деді ұйымдастырушылар.
Компания өкілдері видеоны жағдайдың сырт көзге қалай көрінетінін көрсету мақсатында жариялағанын айтты. Кейін видео әлеуметтік желіден өшірілген.
Ұйымдастырушылар сонымен қатар бөгде адамдардың әрекетіне жауап бере алмайтынын атап өтті.