Өндірістік жарақаттану деңгейі 40%-ға төмендеді.
Балқашта «Қазақмыстың» Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков еңбек ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кездесуге компания кәсіпорындары мен еншілес ұйымдарының 650-ден астам жұмыскері қатысты. Кездесудің негізгі тақырыптары — өндірістік қауіпсіздік, кәсіпорындарды жаңғырту, еңбек жағдайлары және жұмыскерлердің өтініштері бойынша қабылданған шешімдердің орындалуы.
«Жаңа команда үшін жұмыскерлердің өтініштері хаттамалар мен хат алмасулар аясында ғана қалып қоймауы аса маңызды. Егер мәселе көтерілсе, ол бойынша шешім қабылданып, жауапты тұлға белгіленіп, орындалу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс», – деп атап өтті Руслан Өскенәлі.
2026 жылдың тоғыз айындағы негізгі нәтижелер:
Қауіпсіздік: компанияның өз жұмыскерлері арасында адам өліміне әкеп соққан жазатайым оқиға тіркелген жоқ. Өндірістік жарақаттану деңгейі 40%-ға төмендеді.
Өндіріс және даму: пайдалану-барлау бұрғылауының көлемі 103 мың қума метрден асты. Кен қорының өсімі 1,75 млн тоннаны құрады. Компания концентраттағы және катодты мыс өндірудің жоспарлы қарқынын сақтап отыр.
Жаңғырту: тау-кен техникасын, өндірістік жабдықтарды, шахталардың желдету жүйелерін және металлургиялық қуаттарды жаңарту жалғасуда. Жөндеу бағдарламасының бюджеті екі еседен астам ұлғайып, 23,1 млрд теңгеге жетті. Жоспарланған 354 нысанның 157-сінде жөндеу жұмыстары аяқталды.
Еңбек жағдайлары: 81 санитарлық-тұрмыстық нысан жаңартылуда, арнайы киімге арналған 7 149 шкаф жеткізілді. Бірыңғай тамақтандыру операторы тәулігіне 10 мыңнан астам жұмыскерге қызмет көрсетеді.
Әлеуметтік қолдау: 3 мыңға жуық адамға жалпы сомасы 1,3 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. 1 726 қызметкердің шипажайлық-курорттық емделу шығындары өтелді. Жұмыскерлерге 34 пәтер тегін беріліп, 1 200 баланың жазғы демалысы ұйымдастырылды. Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков өндірісті жаңғырту мен дамыту жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жақсартумен және өмір сүру сапасын арттырумен қатар жүруі керектігін атап өтті.
«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр: өндірісті жаңарту, жабдық пен инфрақұрылымды жаңғырту, шикізат базасын дамыту, кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттыру. Алайда осы жобалардың барлығында басты назарда адам тұруы тиіс»,– деп атап өтті Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Кездесу ашық сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Қосымша қарауды қажет ететін өтініштер жауапты басшыларға бекітіліп, оларды орындау және кері байланыс беру мерзімдері белгіленді. 2026 жылдың тоғыз айында «Қазақмыс» кәсіпорындарында еңбек ұжымдарымен 418 жұмыс кездесуі өткізілді. Компания басшылықтың жұмыскерлермен тікелей диалогын жалғастырып, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді.