Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде болған жаппай кептелістен кейін ұсталған ұйымдастырушы үйқамаққа жіберілді. Сот күдіктіні тергеу изоляторына қамауға алуға негіз жоқ деп тапқан, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Шымкент қаласының прокуратурасы концерт ұйымдастырушысына қатысты бұлтартпау шарасы таңдалғанын мәлімдеді. Бұған дейін көрермендердің жаппай қысылып қалуына байланысты ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.
“Сот күдіктіні қамауда ұстауға санкция беруден бас тартып, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады”, – деп хабарлады қала прокуратурасы.
Полиция концертке алаң сыйымдылығынан артық билет сатылғанын анықтаған.
Тәртіп сақшыларының алдын ала мәліметінше, концерт ұйымдастырушылары стадион сыйымдылығынан әлдеқайда көп билет сатқан. Соның салдарынан кіреберісте адам қарасы көбейіп, көрермендер бір-бірін итеріп, жаппай қысылған.
Оқиғадан кейін 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталған еді.
Қазір дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы 2-бөлігімен, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.