$ 448.45 € 501.59 ₽ 5.36

Қазақстанда ресейлік әнші Navai ұсталды деген ақпарат тарады


14 қазанда әншінің Астанада концерті өтуі керек болған.

Фото: әлеуметтік желі
Фото: әлеуметтік желі

Қазақстанда ресейлік танымал әнші Наваи Бакировтың (Navai) ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға Жамбыл облысындағы Қордай ауылында болған. Бұл туралы құқық қорғау органдарына сілтеме жасаған ақпарат көздері хабарлады,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

14 қазанда әншінің Астанада концерті өтуі керек болған. Алайда ұйымдастырушылар іс-шараның техникалық себептерге байланысты өтпейтінін мәлімдеді. Концерттің кейінге шегерілгені немесе жаңа күні белгіленетіні әзірге нақтыланбаған.

Тараған ақпаратқа сәйкес, Наваи 12 қазанда Бішкекте өткен концертінен кейін Қазақстанға жол тартқан. Әнші шекарадан Mercedes-Benz көлігімен өткен. Көлікті өзі басқарғаны айтылады.

Шекарадан өту кезінде шекара қызметінің Атлас есімді қызметтік иті көлікке белгі берген. Осыдан кейін жүргізілген тексеру барысында жүргізуші орындығының қалтасынан жасыл түсті зат табылған. Кейін оның марихуана екені анықталғаны хабарланды. Сондай-ақ көліктен өздігінен темекі жасауға арналған қағаз бен ұсақтағыш табылған.

Көлікте әншімен бірге тағы екі адам болған. Үшеуі де ұсталып, полиция қызметкерлеріне тапсырылған. Аталған дерек бойынша «Контрабанда» және «Есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз заңсыз тасымалдау» баптары бойынша қылмыстық іс тіркелгені айтылды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары табылған, салмағы 2,5 грамм болатын тыйым салынған заттың кімге тиесілі екенін анықтауда. Алдын ала тараған мәлімет бойынша, Наваи Бакиров әзірге күдікті деп танылмаған. Дегенмен ол көліктегі екі жолаушымен бірге уақытша ұстау изоляторына қамалғаны хабарланды.

Жамбыл облысының Полиция департаменті бұл ақпаратты ресми түрде растағаны айтылады. Тергеу нәтижесі мен әншінің құқықтық мәртебесіне қатысты нақты мәлімет әзірге белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0