$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41

Қарақұрт жұтып қойған: Маңғыстауда екі жастағы қыз комаға түсті

Дәрігерлердің мәліметінше, қыз жансақтау бөлімінде он күн ем қабылдаған. 

Фото: tiek.kz
Фото: tiek.kz

Маңғыстау облысында екі жастағы қыз қарақұрт шаққан болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізілді. Бүлдіршін он күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оған қарақұрт уына қарсы сарысуды екі рет енгізіп, өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Басылым мәліметінше, оқиға балалар ойнап жүрген кезде болған. Балалардың бірі кішкентай қызға өрмекші берген, ал бүлдіршін оны жұтып қоюы мүмкін. Бұл туралы оқиға кезінде жанында болған алты жастағы бала кейін айтып берген. Көп ұзамай қыздың жағдайы күрт нашарлап, оған шұғыл медициналық көмек қажет болған.

Алдымен бүлдіршін аудандық ауруханаға жеткізілген. Бірінші дәрежелі кома жағдайындағы науқасты санитариялық авиация арқылы Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына тасымалдау туралы шешім қабылданған. Жолға шықпас бұрын дәрігерлер телемедициналық кеңес өткізіп, қарақұрт уына қарсы сарысудың алғашқы дозасын енгізген.

Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев баланың жағдайы дәрігерлердің үздіксіз бақылауын талап еткенін айтты.

«Баланың өмірін сақтап қалу үшін бүкіл медициналық топ орасан зор жұмыс атқарды. Аудандық аурухана дәрігерлері науқастың жағдайының ауырлығын дер кезінде бағалап, қажетті көмекті ұйымдастырды. Санитариялық авиация бригадасы оны қауіпсіз тасымалдады. Ал біздің реаниматологтар Мереке Бекбаев, Гүлайым Жанова, Амангелді Дүйсенбек, Заманбек Айтмұратов, Жандос Нұрлыхани және медбикелер тәулік бойы қыздың өмірі үшін күресті. Баланың үйіне оралуына әрқайсысы өз үлесін қосты», – деді ол.

Дәрігерлердің мәліметінше, қыз жансақтау бөлімінде он күн ем қабылдаған. Мамандардың көмегімен оның жағдайы тұрақтанып, комадан шыққан. Кейін өздігінен тыныс ала бастаған соң, өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды.

Емнің келесі кезеңін тиісті бөлімде жалғастырған бүлдіршіннің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, ауруханадан үйіне шығарылды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0