$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41

Бельгия патшайымы Матильда Қазақстанға сапарында қандай киім киді?

Матильда сапарын ашық реңктегі киіммен бастады.

Фото:@gettyimages
Фото:@gettyimages

Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары дипломатиялық маңызымен қатар, патшайымның киім үлгілерімен де назар аудартты. Tatler Kazakhstan басылымы Матильданың сапар барысында таңдаған киімдері мен әшекейлеріне шолу жасады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Басылымның жазуынша, патшайым өзі ұнататын танымал сән үйлеріне басымдық беріп, түстердің үйлесімі мен әрбір ұсақ бөлшекке ерекше мән берген. Ал қазақстандық брендтің әшекейін тағуы қабылдаушы елге көрсетілген құрметтің белгісі ретінде бағаланған.

Матильда сапарын ашық реңктегі киіммен бастады. Ол Париждің Christian Dior сән үйін таңдап, сүттей ақ және сарғыш түстерді үйлестірді. Патшайым осы брендтің қарапайым пішілген ақ көйлегінің сыртынан ұзын сарғыш кейп жамылды.

Бұл киім үлгісін жұмсақ бұзау терісінен тігілген D’trick сөмкесі мен D-Moi классикалық туфлиі толықтырды. Екі аксессуар да Christian Dior брендінен.

Күндізгі іс-шаралар мен елорданың сәулет нысандары алдындағы естелік фотосуреттер үшін Матильда қанық қызыл түсті таңдады. Оның алқызыл пальтосы, көйлегі және кең жиекті қалпағы да Christian Dior сән үйінің туындылары болды.

Бұл жолғы ерекше әшекейі — бұрын Бельгия патшайымы Фабиолаға тиесілі болған көне сырға. Ол гауһар тастармен және тамшы пішінді інжулермен безендірілген.

Патшайым қызыл түсті киімдерін Christian Dior брендінің сарғыш реңктегі D’trick сөмкесімен және D-Moi туфлиімен үйлестірді. Білегіне әдетте тағып жүретін Rolex Datejust сағатын тақты.

Ресми кездесулер үшін Матильда өзі ұнататын бельгиялық Natan Couture брендінің ыңғайлы әрі талғампаз шалбарлы костюмін таңдады. Кестемен безендірілген белдігі бар жүн пальто, қатпарлы Ikola топы және қою көк шалбар — барлығы осы брендтен.

Ол киіміне Percossi Papi зергерлік үйінің гранат тастарымен әшекейленген сырғасын үйлестірді. Сондай-ақ Christian Dior брендінің фирмалық ара бейнесі бар қою көк клатчын ұстап, атлас матадан тігілген D-Moi туфлиін киді.

Кешкі салтанатты шарада патшайымның киім үлгісінде жоғары сән дәстүрі мен қазақстандық зергерлік өнер тоғысты. Матильда ливандық кутюрье Elie Saab жасаған, ұсақ моншақтармен кестеленген сәнді ұзын кейппен көрінді.

Кештің басты ерекшеліктерінің бірі — қазақстандық Saltanat зергерлік брендінің гауһар тасты сырғасы. Tatler Kazakhstan бұл таңдауды патшайымның қабылдаушы елге көрсеткен ілтипаты ретінде сипаттады.

Сапардың соңғы күнінде Матильда солғын қызғылт реңктерге, бедерлі маталарға және сәнді әрі еркін үлгілерге басымдық берді. Ол Natan Couture брендінің Romox жаккард жакеті мен Edor белдемшесін таңдады. Нәзік қызғылт түсті бұл киімдер жылтыр люрекс матасымен және жапырақ өрнектерімен ерекшеленді.

Патшайымның Lexie кашемир кейпі — Natan Couture мен Alicia Audrey-дің бірлескен туындысы. Ал шашына таққан Arpège эксклюзивті кең құрсауын бас киім дизайнері Fabienne Delvigne банан талшығынан жасаған.

Сапардың қорытынды іс-шараларында Матильда нәзік, төгіліп тұратын киім үлгісімен көрінді. Ол Natan Couture брендінің асимметриялы пішілген, қатпарлы блузкасы мен Nema белдемшесін киді. Екеуі де пастельді қызғылт түсте орындалған.

Бұл үйлесімді Sotheby’s аукцион үйі ұсынған кунцит пен гауһар тастары бар сырға толықтырды. Патшайым сондай-ақ Giorgio Armani брендінің La Prima атлас клатчын ұстап, жиегі ирек пішілген классикалық туфлиін киді.

Фото: Koninklijk Paleis / Palais royal / @belgianroyalpalace / @gettyimages.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0