$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Астанада автобуста бойжеткенге тиісіп, жұрттың ашуын тудырған ер адам ұсталды

Бойжеткеннің айтуынша, қоғамдық көлікте ер адам оған әдейі тиіскен.

Фото: видеодан кадр
Фото: видеодан кадр

Астанада автобуста бойжеткенге тиісіп, жұрттың ашуын тудырған 46 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы бойжеткен Threads әлеуметтік желісінде жазып, оқиғаның мән-жайын баяндаған,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бойжеткеннің айтуынша, қоғамдық көлікте ер адам оған әдейі тиіскен. Ол мұны кездейсоқ жанасу емес екенін бірден түсініп, ер адамнан алшақтап, әрекетіне қарсылық білдірген.

«Мен бөксеме бір нәрсенің үйкелгенін сездім. Артыма бұрылып қарасам, оның қолын көрдім. Бұл автобустағы адам көптігінен болған кездейсоқ жанасу емес еді. Ол мені сипалап тұрды. Мен бірден бұрылып, одан алшақтадым да, оған: “Ұятсыз!” дедім», – деп жазды бойжеткен.

Ол жарияланымында айналасындағылардың әрекетсіздігіне наразылық білдіріп, осындай жағдайларды көпшілікке жария етуді жөн көргенін жеткізді.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері бұл жазбаны назарға алған. Оқиғаны тексеру нәтижесінде 46 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта іс материалдары тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0