$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Атырауда теміржол вокзалын жаңғырту кезінде жұмысшы биіктіктен құлады

Құрылысқа «Батыс Альянс Строй» ЖШС жауапты.

Фото: азаттық рухы
Фото: азаттық рухы

Атырауда теміржол вокзалын қайта жаңғырту кезінде 42 жастағы жұмысшы бес метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Ол облыстық ауруханаға жеткізіліп, нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 15 қазанда күннің бірінші жартысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жұмысшы құрылыс сатыларынан құлап кеткен. Дәрігерлер оның жағдайын тексеріп жатыр, ота жасалуы мүмкін. Оқиға кезінде тағы бір жұмысшы жеңіл жарақат алған. Медициналық тексеруден кейін ол үйіне жіберілген.

Атырау теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары биыл наурызда басталған. Құрылысқа «Батыс Альянс Строй» ЖШС жауапты.

Айта кетейік, 4 шілдеде «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов нысанды аралау барысында құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты бірқатар кемшілікті сынға алған. Оның айтуынша, еңбек және өндірістік қауіпсіздік талаптары толық сақталмаған, мердігерлердің жұмысына бақылау жеткіліксіз болған. Сонымен қатар жұмысшылар мен қажетті техниканың жетіспейтіні айтылған.

Сол кезде ҚТЖ басшылығы анықталған кемшіліктерді жоюды талап еткен. Кейін Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов құрылыс жұмыстарын екі ауысыммен ұйымдастырып, жұмысшылар санын арттыруды тапсырған.

Бастапқыда вокзалды жаңғырту жұмыстарын 2026 жылғы қыркүйекте аяқтау жоспарланған. Алайда кейін соңғы мерзім қазан айына ауыстырылған.

Қазіргі уақытта «Ақ Жайық» басылымы оқиғаның мән-жайын облыстық полиция департаментінен, ал зардап шеккен жұмысшының жағдайын денсаулық сақтау басқармасынан нақтылап жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0