Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді.
Денсаулық сақтау министрлігі елде маймыл шешегінің пайда болуы ықтималдылығын жоққа шығармайды, алайда инфекцияның халық арасында кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ведомство әлемдегі инфекциялық аурулардың, оның ішінде маймыл шешегінің эпидемиологиялық жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Әлемнің жекелеген елдерінде ауру жағдайларының тіркелуі және халықаралық көлік қатынастарының белсенділігі инфекцияның Қазақстанға әкеліну ықтималдығын жоққа шығармайды. Сонымен қатар қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, ел халқы арасында аурудың кеңінен таралу қаупі төмен деп бағаланып отыр.
Инфекцияның елге әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 26 тамыздағы № 8 қаулысына сәйкес санитариялық-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Ауру жағдайлары тіркелген елдердегі эпидемиологиялық жағдайға және осы мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жүргізіліп жатыр. Барлық өткізу пункттері мен санитариялық-карантиндік пункттер дене температурасын жанаспай өлшейтін құралдармен жабдықталған.
Сонымен қатар медициналық ұйымдар мен зертханалардың инфекцияны уақтылы анықтауға және диагностикалауға дайындығы қамтамасыз етілу үстінде. Аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайда хабарлау және ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау алгоритмдері бекітіліп, қолданысқа енгізілген.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты ерекше назар аударуды қажет ететін елдердің тізбесі әлемдегі ахуалдың өзгеруіне қарай тұрақты түрде жаңартылып отырады. Көліктің барлық түрінде жүргізілген санитариялық-карантиндік бақылау нәтижесінде аса қауіпті инфекциялармен ауырған немесе оларға күдік тудыратын адамдар анықталған жоқ.
Маймыл шешегі – MPXV вирусы қоздыратын вирустық ауру. Инфекция негізінен жұқтырған адаммен тығыз физикалық байланыс кезінде, соның ішінде терідегі бөртпелермен және биологиялық сұйықтықтармен жанасу арқылы беріледі. Сондай-ақ ластанған киім, төсек-орын жабдықтары мен басқа да заттар арқылы, сондай-ақ инфекция жұқтырған жануарлармен байланыста болған кезде жұғуы мүмкін.
Аурудың негізгі белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бұлшықеттердің ауыруы, лимфа түйіндерінің ұлғаюы және тері бөртпелері жатады.
Инфекцияның алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі терісінде себебі белгісіз бөртпелері немесе басқа да инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болуды және жеке бас гигиенасы қағидаларын сақтауды ұсынады. Сондай-ақ инфекцияға күдік тудыратын адамдардың жеке заттарын, киімдері мен төсек-орын жабдықтарын ортақ пайдаланбау қажет.
-Ауруға тән белгілер пайда болған жағдайда, әсіресе ауру тіркелген елдерге барғаннан кейін, уақтылы медициналық көмекке жүгініп, медицина қызметкеріне сапарлар мен ықтимал байланыстар туралы хабарлау керек,-делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырып, халықтың денсаулығын сақтау және елдегі санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр.