$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

Таразда көзінен айырылған оқушының ісі бойынша сот үкім шығарды

Бастапқыда іс бойынша екі жасөспірім күдікті ретінде қарастырылған. 

Фото: Инстаграм
Фото: Инстаграм

Таразда мектепте соққыға жығылып, бір көзінен айырылған оқушының ісі бойынша сот үкімі шықты. 16 жастағы сотталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға 14 сәуірде Тараздағы Абай атындағы мектеп-гимназияның киім ауыстыратын бөлмесінде болған. Сол жерде 10-сынып оқушысын 9-сыныпта оқитын жасөспірімдер ұрып кеткен.

Істі қараған судья Гүлмира Әлімқұлова сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Бұған дейін үйқамақта болған жасөспірім сот залында қамауға алынды. Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы талабын ішінара қанағаттандырды.

Алайда зардап шеккен оқушының анасы Зухра Каримова сот шешімімен толық келіспейді. Оның айтуынша, ұлының бір көзінен айырылуына себеп болған соққыны басқа оқушы жасаған.

Бастапқыда іс бойынша екі жасөспірім күдікті ретінде қарастырылған. Кейін олардың біріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, ол сотта куә ретінде жауап берген.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, екінші жасөспірім оқиға кезінде 15 жаста болған. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы, яғни «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда екі жарым айдан кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты тергеу тоқтатылған. Прокуратура мұны жасөспірімнің қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмағанымен түсіндірген.

Прокуратура жауабында екі оқушының топ болып денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргенін дәлелдейтін жеткілікті дерек жиналмағаны айтылған.

Зухра Каримова тергеу толық жүргізілмеді деп есептейді. Ол өтемақы мөлшеріне қатысты апелляциялық шағым түсіруге ниетті. Сонымен қатар екінші жасөспірімге қатысты істі қайта қарау үшін Бас прокуратураға жүгінбек.

Зардап шеккен оқушы Таразда, Алматыда және Түркияда жеті рет ота жасатқан. Қазір дәрігерлер оның екінші көзінің көру қабілетін сақтап қалуға күш салып жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0