$ 447.94 € 502.32 ₽ 5.52

13 жылдан кейін оралған мереке: Тоқаев Республика күнін қалай қайтарды?

Фото: Dknews.kz
Фото: Dknews.kz

2009 жылы мерекелер тізімінен алынып тасталған Республика күні 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қайта оралды. Мемлекет басшысы 25 қазанға ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынып, кейін тиісті заңға қол қойды. Осылайша, араға 13 жыл салып, Қазақстан егемендігі жарияланған күн қайтадан ресми мерекеге айналды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Ұлытауда көтерілген бастама

Республика күнін қайтару туралы ұсынысты Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында айтты. Президент тарихи оқиғаларға лайықты баға беріп, елдің тарихи жадын жаңғырту қажеттігіне тоқталды. Осыған байланысты ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесін қайта қарауды ұсынды.

«Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент 25 қазанды елдің басты мерекесі ретінде атап өту қажеттігін айтып, оның мемлекеттіліктің қалыптасу тарихындағы орнын атап көрсетті.

«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мереке заңмен бекітілді

Ұлытауда айтылған бастама сол жылы заң жүзінде жүзеге асты. 2022 жылғы 29 қыркүйекте Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында хабарланды.

Заңмен «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңның 2-бабы жаңартылып, 25 қазанда атап өтілетін Республика күні ұлттық мереке болып белгіленді.

Бұған дейін, 2009 жылғы 22 сәуірдегі заңмен Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталған болатын. Осылайша, 2022 жылғы шешім мерекені 13 жылдан кейін күнтізбеге қайтарып, оған ұлттық мереке мәртебесін берді.

Неліктен 25 қазан?

Бұл датаның негізінде нақты тарихи оқиға жатыр. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдады. Құжат №307-XII қаулымен бекітілген.

Декларацияда республиканың мемлекеттік егемендігі жарияланып, аумағының бөлінбейтіні және оған қол сұғылмайтыны белгіленді. Сондай-ақ Қазақстан халқы егемендіктің бірден-бір иесі әрі мемлекеттік биліктің негізі ретінде танылды.

2022 жылғы 22 қазанда Республика күніне орай өткен мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды тапсыру рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев декларацияның Тәуелсіздіктің саяси-құқықтық негізін қалыптастырғанын атап өтті.

«Елдігімізді нығайта түсетін тарихи қадам»

Сол салтанатты рәсімде Президент Республика күнін қайтару бастамасына және оның мәніне арнайы тоқталды.

«Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің жалпыхалықтық мейрамға айналуы керектігін айтты. Президент мерекенің мазмұнын елді біріктіретін, азаматтарды ортақ іске жұмылдыратын бастамалармен толықтырудың маңызын атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 11
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0