26.10.2026, 18:30

Ыстанбұлда Қазақстан азаматы мерт болды

Фото: yandex.ru

Бұл ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігі растады.

Ыстанбұлда Қазақстан азаматы үй шатырынан құлап мерт болды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

- СІМ Ыстанбұлда Қазақстан азаматының қайтыс болғаны туралы хабардар. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Түркияның құзыретті органдары тергеу жүргізіп жатыр, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Бұл мәселе Сыртқы істер министрлігінің бақылауында, - деп атап өтті ведомстводан.

Түркияның DHA агенттігі таратқан ақпаратқа қарағанда, оқиға кеше сағат 09:15 шамасында Ергенекон ауданында болған. 

Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу Бекмаханова өзі тұратын ғимараттың 6-қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтіп, шатырдың орта тұсына қарай жүрген. Алайда аяғының астындағы шатыр панелі сынып, ол көпқабатты үйдің ішкі бос кеңістігіне құлаған.

Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері шақырылған. Медицина мамандары алғашқы тексеру барысында Айсұлу Бекмаханованың қайтыс болғанын анықтаған.

Марқұмның мүрдесі прокурор мен оқиға орнын тексеру тобының жұмысы аяқталғаннан кейін сот-медициналық сараптама мекемесінің мәйітханасына жеткізілген.