27.10.2026, 13:00

Атырауда әйелдер дәретханасында жасырынған жігіт ұсталды (ВИДЕО)

Фото: Видео скриншот

Алайда жігіт жағдайды түсіндірудің орнына, кабинаның есігін ішінен жауып алған. 

Атыраудағы сауда ойын-сауық орталықтарының бірінде жігіт әйелдер дәретханасына кіріп, келушілерді жасырын бақылаған деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Оқиға дәретхана кабиналарының бірінде болған. Келуші әйелдердің бірі басын көтерген кезде көрші кабинаның үстінен сығалап тұрған жігітті байқап қалған. Ол бірден шу шығарып, өзгелердің назарын аударған.

Алайда жігіт жағдайды түсіндірудің орнына, кабинаның есігін ішінен жауып алған. Әйелдердің дауысын естіген басқа келушілер де жиналып, одан шығуын талап еткен. Бірақ ол есікті ашудан бас тартқан.

Оқиға орнына күзет қызметкері шақырылып, ол жігітті кабинадан шығарып, дәлізге алып шыққан. Сол жерде жиналған әйелдер оған наразылық білдірген.

Куәгерлердің айтуынша, жігіт әйелдерді жасырын бақылап қана қоймай, оларды телефонына түсірген болуы мүмкін. Келушілердің бірі оның құрылғысынан дәретханада түсірілген фотосуреттерді көргенін айтқан. Ал жігіт өзіне тағылған айыптарды мойындамай, дәлел көрсетуді талап еткен.

Атырау облысының полиция департаменті күдіктінің ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады. Оған ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылған.